Маңғыстау облысының әкімі мен Иранның Бас консулы сауда қатынастарын дамытуды талқылады
Бүгін, 17 қаңтар күні, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Иран Ислам Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Ғоламреза Хашемимен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы экономикалық, сауда және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында Ғоламреза Хашеми алдағы уақытта Иранда өтетін мемлекетаралық ресми іс-шаралар туралы ақпарат беріп, жоспарларымен бөлісті.
Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. Өңір басшысы екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға барлық қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
- Маңғыстау облысы Иранмен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым ашық. Өңіріміздегі сауда және кәсіпкерлік жобаларды іске асыру арқылы екіжақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Біз барлық бірлескен бастамалар мен іс-шараларды қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ, биыл Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы болып бекітілді. Осыған орай, сәуір айында ауқымды шараның ресми ашылу рәсімі өтеді деп жоспарлануда. Сол шарада Иран делегациясын да көргіміз келеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, Иран Ислам Республикасының Маңғыстау облысының сыртқы сауда қатынастарындағы рөлі ерекше. Қазіргі уақытта өңірде Иран капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 66 кәсіпорын жұмыс істейді. Маңғыстау облысы мен Иран арасындағы сыртқы сауда айналымы 2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 38,3 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 5,1 миллион АҚШ доллары, ал импорт – 33,2 миллион АҚШ доллары.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -