Маңғыстау облысының әкімі Жыңғылды ауылының өзекті мәселелерімен танысты
5 қарашада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, кезек күттірмейтін мәселелермен танысты.
Жыңғылды ауылдық дәрігерлік амбулаториясына барған аймақ басшысына мамандар дәрігер тапшылығы және ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін баяндады. 2016 жылы ашылған амбулаторияда бүгінде 8 мейірбике және 4 кіші қызметкер жұмыс істейді.
Облыс әкімі іргетасы 1956 жылы қаланған мәдениет ошағының қызметімен де танысты. 120 орынға арналған мәдениет үйінде бүгінде 200-ге жуық бала түрлі үйірмеге қатысуда. Мәдениет үйінің қызметкерлері ғимараттың ескіргендігін айтып, ғимаратты кеңейтуді сұрады.
Әрі қарай Нұрдәулет Қилыбай Ш.Бөлтекұлы атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалына ат басын бұрды. Спорт мектебі биыл қолданысқа берілген, алайда ауыл белсенділері кешеннің стандартқа сай келмейтінін айтып, қосымша зал және жаттықтырушылар керектігін алға тартты.
Облыс әкімі барған Е.Айшуақұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке де жөндеу, кеңейту жұмыстары қажет. 1978 жылы құрылған мектепте 711 оқушы білім алуда. Осынша балаға оқу кабинеттері жетіспейді, мектептің акт залы да тарлық етуде.
Аймақ басшысы аудан және ауыл әкімдеріне Жыңғылды ауылының тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін қордаланған мәселелерді рет-ретімен шешуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -