«Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауында жерлесіміз топ жарды
Қарағандылық Владислав Горизанов «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауының бас жүлдесін қанжығалады. Іс-шара Ильяс Жансүгіровтің 130 жылдығына арналып өткізілді.
Түрі бөлек болса да жүрегі бір азаматтар арасындағы байқау Талдықорған қаласыда өтті. Еліміздің 16 өңірінен келген этнос өкілдері білімдерін ортаға салды.
Байқау төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар шығармашылық бағыттағы тапсырмаларды орындап, түрлі сұрақтарға жауап беруі керек. Үміткерлердің тек қазақ тілін меңгергендері аздық етеді. Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрді жатқа білулері тиіс.
Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің маманы Владислав Горизановтың бұл бірінші жеңісі емес. Ол бұған дейін ұйымдастырылған түрлі байқауларда жүзден жүйрік шығып жүрген азамат.
– Байқауда мен өзімді жыр жолдарымен таныстырдым. «Абайдың қара сөзін» оқыдым, домбырада күй шерттім. Әр кезең үшін ұпайлар берілді. Бас жүлде иегері деп менің есімімді атағанда таң қалдым. Себебі қарсыластарым өте мықты болды. Олардың арасында тіпті қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері де болды. Тартысты бәсекеге қарамастан, жеңіске жеткеніме қуаныштымын, – дейді Владислав Горизанов.
Владислав Горизанов 7-сыныптан бастап қазақ тілін үйрене бастайды. Ата-анасы оны қазақ мектебіне оқуға берген. Кейінірек ол жоғарғы оқу орнына түскенде мемлекеттік тілде оқуды таңдайды. Владиславтың айтуынша, қазақ тілін үйрену қиын емес. Тек ниет пен табандылық керек.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -