Менталды бұзылуы бар балаларды оңалту ісінде жетісулық орталықтың жұмысы нәтиже беруде
Талдықорған қаласында аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы бір жарым жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында мұнда 174 бала ем алды. Соның бірқатары қатарға қосылып, мектеп табалдырығын аттап, өз тұрғыластарымен бірге білім ала бастады. Бүгінгі күні мұнда 124 бала оңалтудан өтуде, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Орталық 125 орынға арналған. Мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызмет түрлері ұсынылады. Орталыққа балалар ПМПК жолдамасымен және жеке оңалту жоспарына сәйкес келеді. Жартылай стационарлық үлгідегі ұйым бекітілген кестеге сәйкес балаларға ұзақтығы 4,5 сағат болатын екі ауысымда қызмет етеді. Осы жерден тиісті ем алған балалардың денсаулығы түзеле бастағанына ата-аналары да қуанышты.
– Балам Аман Мадияр дүниеге ерекше бала болып келді. Дамуына бастапқыда өзім күш салғаныммен, аутизм орталығы ашылғаннан бері мамандарға жүгінуді жөн санадық. Бұл орталықтың емінің арқасында баламның мінез-құлқы тұрақтанып, өзі қатарлы балалармен араласып, тіл табыса алатын күйге жетті, екі-үш сөздің басын құрап сөйлей бастады. Әр баланың қоғамға қосылуы ата-ана үшін арман десек, сол күнге жетуімізге септігін тигізіп жатқан мұндағы әрбір тәрбиеші, мамандарға аналық алғысымды білдіремін, – дейді 4 баланың анасы Айнұр Кенжебекова.
Орталықтағы психолог, логопед, дефектолог кабинеттері, жеке және топтық сабақтарға арналған АВА кабинеттері, музыка, арт-терапия, оқу-әдістемелік бөлмелеріндегі емдік шаралардың арқасында балаларда оң нәтиже байқалады. Медициналық бағытта психиатр, невропатолог, педиатр, галотерапия кабинеті (тұзды шахта), БАК терапия, массаж, емдік дене шынықтыру залы қарастырылған. Оған қоса қыш, тігін, ағаш шеберханалары, робототехника және LEGO кабинеті, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеттері де бар.
– Орталық қызметінің мақсаты - аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға қызметтер кешенін ұсыну, сол арқылы олардың өмірінде туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеруге жағдай жасау, қоғам өміріне басқалармен тең қатысуына жол ашу. Бізде оңалтуға лайық қолайлы, мейірімді атмосфера қалыптасқан. Мұнда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар да қабылданады. Жалпы қазіргі уақытта мұнда 109 қызметкер еңбек етеді, – дейді орталық директорының орынбасары Гүлназ Әуелбекова.
Жалпы облыс бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 8 орталық жұмыс істейді. Аталған орталықтарда бүгінде 450 ерекше бала қызмет алуда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер авторы: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -