Н.Нәлібаев: «Газ тапшылығын қолдан жасауға жол берілмейді»
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте автогаз құю бекеттері арқылы сұйытылған мұнай газын сату мәселесі талқыланды.Аймақ басшысы операторлардан сатылым лимитін алып тастауды талап етіп, газ тапшылығын қолдан жасауға тыйым салды.«Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес сұйытылған газдың бағасы 1 шілдеден бастап өсті. Нақтырақ айтқанда, өңірімізде шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін – 70 теңге, ал, облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда 1 литрі – 75 теңге.Жаз айларында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында газ тапшылығы байқалды. Ұлытау облысында баға біздің өңірмен салыстырғанда едәуір көтерілген, 1 литрі 84-89 теңге, бұрын 76-81 теңге еді.Операторлардың газды не үшін талонмен сататыны белгілі. Жеке және заңды тұлғалармен келісімге келіп, оларды газбен толық қамтамасыз етуге жұмыс жасайды. Әлеуметтік газды тек халыққа сату керектігі былтыр да қатаң ескертілді.Бұл мәселеде мен халықты қолдаймын, қарапайым тұрғындар газ тапшылығынан зардап шекпеуі керек. Автобекеттерде кезек болмауын қадағалаңыздар. Қазіргі қойылған лимитті алып тастаңыздар», – деп тапсырды Нұрлыбек Машбекұлы.Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бекболат Шәріпбеков аталған мәселеге орай хабарлама жасады. Облыс аумағында 25 оператор 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газын сатады. Қыркүйек айына аймаққа 7 184 тонна газ бөлінді.Облыс әкімі операторларға коммерциялық газды өз қаражатына алу керектігін ескертті. Ал әлеуметтік газды жоғары бағамен сатқандар жауапкершілікке тартылады.Жиын қорытындысында жауапты басшыларға газдың басқа өңірлерге тасымалданбауы үшін Түркістан және Ұлытау, Ақтөбе облыстарының шекарасына тәулік бойы кезекшілік қою тапсырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, барлық оператордың газ қорына мониторинг жүргізіп, талонмен сатуға және оның бағасына зерделеу жүргізеді. Егер заңнама талаптары бұзылса, нақты шара қабылдау қажет.Бұл жұмыстарды бақылау облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевке жүктелді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -