Нұрдәулет Қилыбай олимпиада жүлдегерлерімен кездесті
Бүгін, 12 қазанда, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадада дзюдодан алтын медаль иеленген, ҚР Еңбек сіңірген спортшысы Елдос Сметовты, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген спортшысы Ғұсман Қырғызбаевты, сондай-ақ биыл дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері, ҚР спорт шебері маңғыстаулық Азат Күмісбаевты қабылдады.
Кездесуге Елдос Сметовтың бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Парасат» орденінің иегері Ғалымжан Жылгелдиев те қатысты.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықаралық спорт аренасында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылардың еңбегін ерекше атап өтіп, жеңістерімен құттықтады.
«Жақсы бала елге қаратады, жаман бала жерге қаратады» демекші, осындай еліміздің туын көкке көтеріп жүрген батырларымыздың барына қуанамыз. Төрткүл дүние көз тіккен олимпиадада бүкіл түркі халқы сіздерге жанкүйер болды. Сіздер үшін тақымымызды қысып отырдық. Сіздердің әлемдік аренадағы жеңістеріңіз — Қазақстанның үлкен мақтанышы, ал Азат Күмісбаев секілді жергілікті спортшылардың жетістіктері — біздің өңірдің болашағына үлкен сенім ұялатады. Біздің жастарымыз сіздерден үлгі алып, жаңа белестерді бағындыруға талпынатын болады. Бұл жеңістер спорттың дамуына жаңа серпін береді, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Аймақ басшысы жеңімпаздарға Маңғыстау облыстық Дзюдо федерациясының атынан арнайы сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, 12-13 қазан күндері Ақтау қаласындағы «Халық арена» спорт кешенінде Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ерлер және әйелдер арасында Халықаралық Ашық Азия кубогі өтеді. Дзюдо шеберлері арнайы қонақ ретінде қатыспақ.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -