Нұрдәулет Қилыбай Тұщыбек ауылындағы туберкулезге қарсы шипажайдың жұмысын жандандыруды тапсырды
5 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына қарасты Тұщыбек және Шайыр ауылдарына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Өңір басшысы Тұщыбек ауылында орналасқан Е. Оразақов атындағы туберкулезге қарсы шипажайдың жағдайымен танысты. 1963 жылы құрылған бұл шипажай 30 орынға арналған. Мекемеде 42 қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 3 дәрігер мен 8 мейірбике бар. Мұнда емделушілерге шұбат ұсынылып, дәстүрлі емдеу шаралары қолданылады.
Облыс әкімі жауапты азаматтарға ескірген ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, көп жылдан бері халық игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан шипажайдың жаңа тынысын ашуды тапсырды.
- Бұл шипажайдың жұмысы тоқтамауы тиіс. Тұщыбектегі шипажай өңірдің игілігіне қызмет етіп, адамдардың денсаулығын нығайтуға үлес қосуы керек. Біз оны жандандыруға күш саламыз. Бұл мекеме халыққа қызмет ететін беделді орынға айналуы керек , - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сапар барысында облыс басшысы Тұщыбек ауылдық мектебінің қосымша құрылысын да қарады. 2005 жылы пайдалануға берілген, 50 орындық мектеп-бөбекжайға қазіргі уақытта жапсарлас жаңа 3 қабатты мектептің құрылысы жүргізілуде. Онда спорт залы, акт залы, асхана, кітапхана және қосымша 8 кабинет қарастырылған. Жаңа ғимарат 160 оқушыға лайықталып салынып жатыр, құрылыс аяқталғаннан кейін 9 жылдық мектеп 11 жылдық оқу орнына айналады.
Облыс әкімі Шайыр ауылдық округінде бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жағдайын да тексерді. 11 шақырымдық «Шайыр-Жыңғылды» тау жолының 8 шақырымы аяқталған. Қазіргі уақытта жол салуға кедергі келтіріп тұрған таудың 16 метрінің 1,5 метрі ғана қазылған. Өңір басшысы жолды салуға мүмкіндік тудыру үшін таудың қалған бөлігін қазуды тездетуді тапсырды.
Әкім сондай-ақ Шайыр ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен спорт кешенінің жағдайымен танысты. 2013 жылы салынған, 25 адам қабылдай алатын амбулатория күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал спорт кешені бойынша, нысанды Маңғыстау облыстық спорт басқармасының балансына беру, сондай-ақ, жастардың сұранысына сәйкес ауылда заманауи талаптарға сай спорт кешенін салу мәселесі де көтерілді.
Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары барысында әлеуметтік нысандарды жақсарту мен ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау бағытында нақты тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -