Облыс әкімі қарияларды мерекемен құттықтады
Халықаралық қарттар күнінде аймақ басшысы Серік Шәпкенов қаладағы №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қариялардың жағдайымен танысып, мерекемен құттықтады,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Сіздерді інілік ізгі ниетіммен бүгінгі мерекемен құттықтай келдім. Қарты бар елді қазынасы бар елге балайтын халықтың ұрпағымыз ғой. «Қарияның сөзі — ақылдың өзі» дейміз. Қарттар тыңдалмаса, жастар қайдан шыңдалсын. Сіздерге құлақ түрейік, бұйымтайын білейік деп ат басын бұрған жайымыз бар. Қарттарға құрмет, қамқорлық бір күнмен ғана шектелмейді. Бұл — мемлекеттің ұдайы назарында. Осы бағытта қолға алынып, іске асып жатқан бірнеше бағдарлама, жолға қойылған жобалар бар. Бұл жерде қанша адам болса, сонша тағдыр бары рас. Талайды көрдіңіздер, білекте күш барында еңбек еттіңіздер, ащыны да, тұщыны да таттыңыздар. Бүгін жарқын кейіпте жүздескеніміз — ерік-жігердің, ішкі діңгектің мықтылығынан. Осының өзі жастарға үлгі-өнеге деп білемін,-деді С.Шәпкенов.
Бүгінде орталықта 100-ден астам қария арнайы қызмет алады. Ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған, бейнебақылау жүйесі орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де барлық жағдай қарастырылған. Қариялар стандартқа сай 7 қызмет түрін алады.
Анықтама үшін: Облыста 63 мыңнан астам зейнеткер бар. Үйден жалғызілікті 863 адам ( 611 қарт пен 252 мүмкіндігі шектеулі бала) арнаулы әлеуметтік қызмет алады.
Қазанда мүмкіндігі шектеулі қарттарға 7,5 АЕК (27690 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Сонымен қатар, тегін техникалық оңалту құралдарымен және санаторий-курорттық жолдамамен, жеке көмекші, ымдау тілі қызметтерімен қамтылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -