Облыс әкімі Оқушылар шығармашылық сарайында болды
Облыс әкімі Көкпекті ауданындағы жұмыс сапары барысында Оқушылар шығармашылық сарайында болды.1984 жылы салынған ғимарат әуелде Балалар үйі болған. Кейін жабылып, 2022 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылған. Қазір мұнда мәдениет, білім бөлімдері және аудандық кітапхана орналасқан.Орталық 5 бағыт бойынша жұмыс істейді: көркемдік-эстетикалық, музыкалық-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық, спорт-туризм және техникалық. Қазіргі таңда 56 педагог 1050 балаға қосымша білім береді. Аймақ басшысы орталықтағы кітапхана жұмысымен танысып, әртүрлі үйірмеге қатысатын оқушылардың өнерін тамашалады. Алматыға оқушылар арасындағы театр байқауына бара жатқан оқушыларға сәттілік тіледі. Облыс әкімі орталықтың балалар мен жастар үшін маңызды әлеуметтік-мәдени алаң екенін атап өтіп, жұмысын одан әрі жандандырып, үйірмелер санын көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, осындай тәжірибені басқа аудандарда да енгізу керектігін айтты. Аймақ басшысы Оқушылар шығармашылық сарайында жергілікті ақсақалдармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Облыс әкімі қариялармен жүздесуде өңірде қолға алынатын жобалар мен тың бастамалар туралы айтты.«Жақында өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жаңадан ашылған облыстар мен аудандарға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Президенттің қолдауымен облыс орталығы – Семей қаласында облыстық аурухана, еңселі, жаңа театр салынады. Семейдегі Оқушылар сарайының құрылысын толық аяқтау үшін қаржы бөлінетін болды. Бұл - үлкен қолдау. Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге тың серпін беретін бастамалар», - деді аймақ басшысы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -