Омбудсмен Артур Ластаев: Адам саудасына қарсы заң Қазақстанның адам құқықтарын қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді
27 маусымда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты «Адам саудасына қарсы күрес туралы» Заңды ілеспе түзетулерімен екі оқылымда мақұлдады. Заңның негізгі мақсаты – адам, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасының алдын алу және жолын кесу жөніндегі заңнаманы жетілдіру.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев бұл оқиғаны құптап, заңның маңыздылығы мен прогрессивтілігін атап өтті.
«Омбудсмен ретінде мен Қазақстанның адам саудасынан азат болуға ұмтылысын растайтын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бейілділігін көрсететін осы заңның маңыздылығы мен прогрессивтілігін атап өткім келеді. Осы қылмыстың жиі құрбаны болып қалатын кәмелетке толмағандардың Заңда көзделген құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие, бұл еліміздің халықаралық міндеттемелеріне толық сәйкес келеді», - деді Артур Ластаев.
Сондай-ақ ол бұл заң қылмыс үшін жауапкершілікті арттырып қана қоймай, жәбірленушілерді қорғау шараларын енгізетінін, осы қылмыспен күрестің маңызды аспектісі болып табылатынын жеткізді.
Омбудсменнің айтуынша, БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы және Қазақстан ратификациялаған адам, әсіресе әйелдер мен балалардың саудасының алдын алу және жолын кесу туралы Палермо хаттамасы кез келген мақсатта және кез келген нысанда балаларды ұрлаудың, бала саудасының немесе олардың контрабандасының алдын алу үшін ұлттық, екіжақты және көпжақты деңгейлерде қажетті шараларды қабылдауға міндеттейді.
Адам саудасы – құрбандар үшін қайтымсыз зардаптарға, соның ішінде психологиялық және физикалық азапқа әкелетін кең таралған қылмыс.
Халықаралық тәжірибеде адам саудасына қарсы күрес басым бағыттардың бірі болып табылады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек ол дүние жүзінде есірткі және контрафактілік өнімдерден кейінгі үшінші орында тұр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -