Қосшы қаласында көпсалалы аурухананың құрылысы басталды
Қосшы қаласында Астана мен жақын аудандардың тұрғындары үшін ірі медициналық нысан болып табылатын жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізілуде. Жобаны «Viamedis» ЖШС жүзеге асыруда, ал мердігер ретінде «ӘлемЭнергоСервис» ЖШС қызмет атқаруда.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов көпфункционалды аймақтық аурухананың құрылыс барысымен танысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қосшы қаласының инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Бүгінгі күні емхананың ғимаратын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысты аяқтау 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында Ақмола облысы әкімдігі мен «Viamedis» компаниясы арасында емханасы бар көпсалалы аурухананың құрылысы туралы меморандумға қол қойылды.
Жобаның жалпы көлемі 28 миллиард теңгеден астам жеке инвестицияны құрайды, оның 14,4 миллиарды құрылыс жұмыстарына, ал 9 миллиарды заманауи медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Аурухана 300 орынға арналған, оның ішінде ауысымына 1000 адам қабылдайтын емхана, сондай-ақ хирургия, травматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және химиотерапия бөлімшелері қарастырылған. Сонымен қатар медициналық орталықта операциялық және перзентхана бөлімдері, сондай-ақ позитронды-эмиссиялық томографы бар заманауи диагностикалық база жұмыс істейді.
Жаңа медициналық орталық Қосшы қаласының, сондай-ақ Целиноград, Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары үшін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буынына айналады.
Аурухана кешені емхана, стационар, әкімшілік корпус және басқа аймақтардан келген науқастарға арналған пансионатты қамтиды. Сонымен қатар медициналық қызметкерлерді тарту үшін Қосшы қаласында аурухана қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салу жоспарлануда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -