ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ЖАТАҚХАНА АШЫЛДЫ
Қозыбаев университетінде заманауи студенттер үйінің ашылу рәсімі өтті. Бұл ғимаратты пайдалануға беру тек өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны – Қозыбаев университеті үшін ғана емес, жалпы Солтүстік Қазақстан облысы үшін де жатақханаға деген қажеттілікті толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Жаңа студенттік жатақхана 11 қабатты екі тұрғын үйден тұрады, жалпы ауданы 27 мың шаршы метр. Ғимарат 1200 орынға есептелген. Студенттер үйінде жайлы жиһазбен жабдықталған бөлмелер, асхана, медициналық пункт, жаттығу залдары және коворкинг-аймақтар ашылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша СҚО-да жатақханалардағы орын тапшылығын азайту жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айында біз 156 орынға арналған жаңа жатақхананы аштық. Бүгін біз 1200 орынға арналған жатақхананы пайдалануға беріп жатырмыз. Мұнда студенттердің тұруына, демалуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және сабаққа дайындалуына барлық жағдай жасалған. Осылайша, Президенттің тапсырмасын орындап, Қозыбаев университетінің студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығын толықтай жойдық», - деп түйіндеді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Нысанның құрылысы 2022 жылы басталды және жобаны «Основание» ЖШС жүзеге асырды.
«Бұл нысан СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынды. Қозыбаев университетінде қазіргі таңда шамамен 6 мың студент білім алуда, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 9 мыңға дейін ұлғайту жоспарда бар. Жаңа жатақхана өзге өңірлерден келетін студенттердің жайлы орналасуына мүмкіндік береді», - деді Басқарма Төрағасы-Ректор Ербол Исақаев.
Студенттер үйі негізгі кампустан небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан, бұл білім алушылар үшін қосымша қолайлы жағдай жасайды.
«Қазақстанның жоғары оқу орындарында 600 мыңнан астам білім алушы жастар оқуда. Елдегі жоғары білім беру саласында Қозыбаев университетінің алатын орны ерекше. Араларыңызда еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттер бар. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жаңа жатақхана ашылды. Ең бастысы, тек білім алып, елдің болашағы үшін еңбек етіңіздер. Қоныстарыңыз құтты болсын!» - деп атап өтті ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
ЖОО студенттері де жаңа жатақхана туралы өз пікірлерімен бөлісті. Аризона университетімен қос диплом бағдарламасында оқып жатқан Айдана Омарова елордадан Петропавл қаласына келгенін айтты. «Мен басқа университеттерге де түсе алатын едім, бірақ Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің ынтымақтастығын таңдадым. Бүгінде жаңа оқу және зертханалық корпустар мен жатақханалардың ашылуы бізге оқу үдерісіне толықтай көңіл бөлуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Жаңа студенттер үйінен бөлек, Қозыбаев университетінде 1365 орынға арналған тағы төрт жатақхана жұмыс істейді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -