Парламент Мәжілісінің депутаттары Құқық қорғау органдары академиясында көшпелі отырыс өткізді
Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Құқық қорғау органдары академиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің көшпелі отырысы өтті.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның өкілдері, Академияның басшылығы мен қызметкерлері қатысты. Талқылаудың негізгі тақырыбы құқық қорғау органдарын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелері болды.
Мәжіліс Комитетінің төрағасы Снежанна Имашева өз сөзінде заңнамалық және құқық қорғау жүйелерінің өзара іс-қимылын нығайту үшін осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. «Құқық қорғауды тиімді қамтамасыз ету тек заң үстемдігінің негізі ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғаудың кепілі болып табылады. Біз қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін шешуге қабілетті жоғары білікті кадрларды дайындауды қамтамасыз етуіміз керек», – деді С. Имашева.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев қатысқандары үшін депутаттарға алғысын білдіріп, сонымен қатар: «Құқық қорғау органдары жұмысының сапасы кадрлардың дайындық деңгейіне тікелей байланысты. Академия заң үстемдігін қамтамасыз ететін және азаматтардың құқықтарын қорғайтын мамандарды дайындауда басты рөл атқарады», - деп атап өтті.
Академия ректоры Марат Сексембаев отырысқа қатысушыларды Академия қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, талқылау шеңберінде «тыңдаушының» мәртебесі мен өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді, оларға процестік әрекеттерге қатысу құқығын беруді ұсынды.
Сондай-ақ отырыста Академияның ғылыми қызметкерлеріне ғылыми дәрежелер үшін қосымша ақы белгілеу бөлігінде жағдайларды жақсарту мәселелері көтерілді.
Іс-шара барысында белсенді талқылау, пікір алмасу болды, онда депутаттар Академия жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді. Кейбір депутаттар ЖОО-ның ғылыми-танымдық іс-шараларына қатысуға ниет білдірді.
Талқылаудан кейін қатысушылар үшін Академия аумағы бойынша экскурсия ұйымдастырылып, оқу орнының сот залы, психологиялық жеңілдету кабинеті, киберорталық, прокурорлық және криминалистикалық полигондар мен тыңдаушылар жатақханасы көрсетілді.
Кездесу соңында тараптар Қазақстанның құқық қорғау жүйесінде жоғары сапалы кадрлық әлеуетті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -