Өңір басшысы Асайын Байханов Павлодар облысының педагогика қызметкерлерінің «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен дәстүрлі тамыз конференциясына қатысты
Жаңашыл педагогтар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен IT-компаниялардың өкілдері инновациялық оқыту, білім беру саласындағы цифрлық технологияларды дамыту және оларды заманауи оқыту үдерістеріне енгізу мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндіктер жасау, білім алуда ауыл мен қала оқушылары арасындағы алшақтықты азайту - бұл қазіргі білім берудің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол үшін жыл сайын өңірдің білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсартуға 10 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Биыл цифрлық зертханалар мен IT-үйірмелер жұмыс істейтін жаңа қосымша білім беру орталықтары өз есігін айқара ашады. Бұл Павлодардағы «Алтын сақа» және Екібастұздағы «Самғау» орталықтары. Сонымен қатар, облыс орталығында 1800 орындық екі заманауи жайлы мектеп салынуда.
Өңірдегі 360 мектептің 275-інде интернет сапасы стандарттарға сәйкес келеді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі еседен астам өсті. Жоғары жылдамдықты «Starlink» интернетімен өңірдегі 119 ауыл мектебінің 33-і қамтамасыз етілген. Келесі жылы қалған 86 ауылдық білім беру мекемелерінде осындай жұмыс жүргізу жоспарлануда.
Өңір басшысы балалардың қауіпсіздігіне, жас қолданушыларды кибербуллингтен, парақшаларын бұзудан және жеке деректерін қорғауға ерекше назар аударды.- Біз балаларға «цифрлық гигиена» ережелерін үйретуіміз керек. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп факультативтерінің бағдарламаларына ақпаратты қорғау және интернетте өзін-өзі ұстау негіздерін түсіндіретін киберқауіпсіздік бойынша семинарларды қосуды тапсырамын, - деді облыс әкімі.
Конференция соңында өңір басшысы білім саласының үздік қызметкерлерін «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, облыс әкімінің және ҚР білім министрлігінің төсбелгілермен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапаттады.
Орта білім берудің үздік ұйымы болып Май ауданының Малайсары орта мектебі танылды. Павлодар, Екібастұз, сондай-ақ, Май және Ертіс аудандарының мекемелері бірқатар жылдар бойы табысты қызметі үшін облыс әкімінің арнайы гранттарымен марапатталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіСуреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -