Өңір басшысы Ұлттық құрылтайда ұсынылған жобалар тың серпін беретінің айтты
14 наурыз күні Бурабай курорттық аймағында Мемлекет басшысының төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Бұл маңызды жиын Ақмола облысы үшін де айрықша мәнге ие болды, себебі оның аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған ауқымды бастамалар көтерілді.
Басты бағыттардың бірі – білім, туризм және спорт салалары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың маңындағы Қосшы қаласының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтіп, мұнда орта арнаулы білім беру мекемелерін құрудың аса қажеттігін айтты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қосшыда халықаралық деңгейдегі республикалық колледж салуды тапсырды. Бұл оқу орны жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған заманауи білім орталығына айналады.
Бүгінгі мәслихат отырысында облыс әкімі Марат Ахметжанов осы жобаның жүзеге асырылу барысымен бөлісті. Оның айтуынша, жаңа білім беру кешені жастардың сапалы білім алуына жол ашып қана қоймай, өңірдің кәсіби мамандарды даярлау саласындағы беделін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар аясында Бурабайда жаңа Конгресс-орталық салынады. Ол іскерлік және іс-шара туризмін дамыту үшін маңызды алаңға айналмақ. Ал облыс орталығында Қазақстанда теңдесі жоқ көпфункциялы спорт кешенін салу жоспарланып отыр.
«Бұл жобалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына зор серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артады. Сонымен қатар, бұл бастамалар инвесторлар мен туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттырады. Ең бастысы – бұл ұзақ мерзімді жоспар емес, біз бұл жобаларды дәл қазір жүзеге асыра бастаймыз. Ақмола облысы жаңа деңгейге көтерілуде, бүгін біз оның табысты дамуының іргетасын қалап жатырмыз» – деп атап өтті өңір басшысы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -