Құрметті маңғыстаулықтар!
Баршаңызды бүгінгі Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Кең жазира Сарыарқаның сағым ойнаған даласы мен Ертіс өзенінің ақ айдынды алабындағы жазықта орналасқан ажарлы қала Астана, бас қаламыз – біздің мақтанышымыз.
Мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен тәуелсіздігіміздің символы болған іскерлік ордасы жылдан жылға сәулеті мен сәні озып, барша игіліктер салтанат құрған қуатты қалаға айналып келе жатыр.
Астананың бүгінгі бейнесінен шаңырағын биікке көтеріп, уығын тіктеген, керегесін кеңге жайған кең байтақ еліміздің мызғымас көрінісін көреміз.
Астана – бүгінде әлем елдерінің басшылары бас қосатын, экономикалық, саяси, мәдени шешімдер қабылданатын, жаңаша ойлау мен жасампаз идеялар өзара келісім аясында сұхбат құруға арналған айбынды орда.
Күні кеше Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өткенін білесіздер. 10 елдің басшысы жиналып, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланып, 25 құжатқа қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана төрінде өтуі - әлемдік деңгейдегі қауымдастықта саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кілтіне айналғанының дәлелі.
Еліміздің іргетасы нығайып, Отанымыздың саяси ерік- жігері айшықталғаны - Астананың асқақ беделінің көрінісі. Жаңа серпінмен алға ұмтылған мемлекетіміздің нақышы мен көркі болған Астана басқа қалалар оған қарап бой түзейтін алып мекенге айналды.
Астана күні мерекесі қарсаңында отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, толағай табыстар тілеймін. Туымыз тұғырлы, егемендігіміз еңселі, еліміз ғұмырлы болсын! Бас қаламыз гүлдене берсін!
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -