С. Жақыпова ХЕҰ өкілдерімен және жұмыс берушілермен Орталық Азия үшін бірегей оқыту бағдарламасының іске асырылу барысын талқылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, «PARYZ» ҚР Жұмыс берушілер Ұлттық конференциясы Президумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов және Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) Халықаралық оқу орталығының өкілі Сандро Петтинео Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі лекторларды даярлау жөніндегі бағдарламаның іске асырылу барысын талқылады.
Жоба осы жылдың 29 сәуірінде басталып, Орталық Азияда алғаш рет іске асырылуда. Оқу курсының ұзақтығы – 10 апта, оның 9-ы онлайн форматта. Ол аяқталғаннан кейін дәріскерлер ХЕҰ-ның Қазақстан кәсіпорындарында оқытуды одан әрі жүргізуге лицензиясын алады.
«Жобаның ерекшелігі – оның мультипликативті әсері. Лицензияланған оқытушылар өз қызметкерлеріне тренингтер өткізіп, оларды халықаралық стандарттар бойынша сертификаттай алады. Сондай-ақ, олар ХЕҰ атынан сертификаттар беруге құқылы. Бұл ретте емтиханды тек қана Халықаралық еңбек ұйымы жүргізеді.
Бұл тәсіл сертификаттарды тексеруді жеңілдетеді, өйткені лекторларға берілген барлық лицензиялар, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлеріне берілген сертификаттар ХЕҰ бірыңғай электрондық базасына енгізіледі», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Оқу бағдарламасына Қазақстанның ірі жұмыс берушілері ерекше қызығушылық танытты. Жобаға KAZ Minerals, Қазақмыс, ERG, ҚазЦинк, ССКӨБ, Самұрық-Қазына, ҚазАтомПром, Полиметалл Еуразия, Қостанай минералдары, ХейдельбергЦемент, Самұрық-Энерго топтары, сондай-ақ ЖОО және ЗТБ өкілдері қатысады.
Жұмабек Жанықұлов жоба Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Оқыту бағдарламасын еңбек саласындағы «заң шығарушы» болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымы құрастырған. Айта кетейік, Қазақстанның ірі жұмыс берушілері, оның ішінде біздің Конфедерация мүшелері қызығушылық білдіріп, оқуға алғашқылардың бірі болып өтініш берді. Жоба бүкіл елге таралады деп үміттенеміз. Бұл шара Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыруға мүмкіндік береді және халықаралық стандарттармен біртіндеп үйлестіруге әкеледі деп санаймын», – деді ол.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -