Сақтандыру жағдайларын онлайн-реттеу және Еурохаттама ресімдеу мәселелері жөнінде
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап сақтандырудың міндетті сыныптары бойынша азаматтар сақтандыру төлемін алуға онлайн жүгінуге құқылы.
Сақтандыру ұйымдары құрған цифрлық сервистер тұтынушыға сақтандыру ұйымының кеңсесіне баруға уақыт жұмсамай, құжаттардың ең аз топтамасын ұсына отырып, өзі көрсеткен банктік шотқа сақтандыру төлемін қашықтан алуға мүмкіндік береді. Сақтандыру полисін ресімдеу үшін қажетті негізгі деректер Бірыңғай сақтандыру дерекқорының түрлі мемлекеттік дерекқорлармен ықпалдасуы есебінен автоматты түрде толтырылады.
Сонымен қатар, биылғы жылдан бастап міндетті автосақтандыру бойынша ұсақ жол-көлік оқиғаларын (ЖКО) жол полициясын шақырмай және сотқа жүгінбей-ақ онлайн ресімдеуге болады. Мұндай оңайлатылған тәртіп Еурохаттама деп аталады.
Еурохаттама залал мөлшері 100 АЕК-тен (шамамен 370 мың теңге) аспаған және ЖКО қатысушыларында апатқа кім кінәлі, кімнің зардап шеккені туралы өзара келіспеушіліктер болмаған кезде ресімделеді.
Осы уақытқа дейін мұндай жағдайларда ЖКО қатысушылары жол полициясын шақырмай және сақтандыру төлеміне жүгінбей, оқиға орнында уағдаласқан. Келтірілген залалды апатқа кінәлі адам дербес өтеген.
Қазір Еурохаттаманы ресімдеу үшін ЖКО-ға қатысушылардың екеуіне де смартфондарға мобильдік қосымшаны жүктеу, идентификаттаудан өту, декларация толтыру, апат орнынан фотосуреттер мен бейнетүсірілім жасау қажет, содан кейін өтініш автоматты түрде сақтандыру ұйымына жіберіледі. Осыдан кейін ғана апат орнынан кетуге болады. Жол полициясын шақырудың және сотқа жүгінудің қажеті жоқ.
Еурохаттаманы «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ (СТКҚ) «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-мен бірлесіп құрған Еурохаттаманың мобильдік қосымшасын пайдалана отырып ресімдеуге болады. Барлық сақтандыру ұйымдары СТКҚ-ның акционерлері болып табылады, сондықтан бұл қосымшаны кез келген сақтандыру ұйымының клиенттері пайдалана алады. Бұл қосымшаны App Store немесе Google Play қосымшалары дүкенінен жүктеуге болады.
Алайда, бұл жалғыз нұсқа емес. Жекелеген сақтандыру ұйымдары өздерінің цифрлық сервистерін әзірледі, оларды жүргізушілер де Еурохаттаманы ресімдеу үшін пайдалана алады.
Мысалы, «Freedom Insurance» АҚ әзірлеген «DTP.kz» сервисі жұмыс істейді. «Халық» СК» АҚ «Halyk» қосымшасында Еурохаттаманы ресімдеу мүмкіндігін ұсынады (қосымшаға кіріп, басты бетте «сақтандыру» белгішесін басу керек, «қолдау» бөліміне, бұдан әрі «онлайн реттеу» және «еурохаттама» бөліміне өту керек). «Номад Иншуранс» СК» АҚ «Nomad.kz» мобильдік қосымшасын әзірледі. Кейбір сақтандыру ұйымдары Еурохаттаманы өздерінің ресми интернет-ресурстарында («Basel» СК» АҚ, «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ) ресімдеу мүмкіндігін ұсынады.
Тұтынушы кез келген сервисті пайдалана алады. Бұл – қажетті сақтандыру ұйымына сақтандыру төлемін алуға арналған өтініш жіберуге мүмкіндік беретін ресурс.
Сақтандыру төлемін алуға арналған өтініш апатқа кінәлі болған тараптың сақтандыру ұйымына (классикалық реттеу) не зардап шеккен тараптың сақтандыру ұйымына (тікелей реттеу) жіберілуі мүмкін. Зардап шеккен тараптың сақтандыру ұйымы тікелей реттеу кезінде төлемді өзі жүзеге асырады, содан кейін апатқа кінәлі тараптың сақтандыру ұйымына шығыстарды өтеу үшін өзі жүгінеді.
2024 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша оңайлатылған реттеу шеңберінде 2 812 өтініш ресімделіп, 443 млн теңгеден астам төленді. Орташа төлем шамамен 190 мың теңге болды. Сақтандыру төлемінің мерзімі орташа алғанда 6 күннен 9 күнге дейін, бұл ретте стандартты рәсімге сәйкес сақтандыру төлемі сақтандырушыға сот шешімін қоса алғанда, толық құжаттар топтамасын ұсынған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -