ҰҚШҰ-ға мүше мемлекетте қорғаныс ведомстволарының өкілдері байланыс жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады
Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының байланысын басқару органдары басшыларының жұмыс кездесуі өтті.
Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Біріккен штаб, ҰҚШҰ Хатшылығының делегациялары, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушыларды ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов қарсы алды. Қазақстан қорғаныс ведомствосының өкілі байланыс жүйесін дамытуда бірыңғай көзқарастар мен тәсілдерді қалыптастыруға, ұлттық және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінде әскерлердің коалициялық топтарын басқаруды жетілдіруге бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
Бейнеконференцбайланыс бойынша ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Андрей Сердюков сөз сөйледі.
– Бірлескен оқу-жаттығу тәжірибесін ескере отырып, осы бағытта біріккен штабта мақсатты жұмыс ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволарымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіледі. Оның басты мақсаты – ҰҚШҰ Ұжымдық күштерінің байланыс жүйесін одан әрі жетілдіру, – деді генерал-полковник Андрей Сердюков.
Кеңеске қатысушылар байланыс күштері мен құралдарының ұйымдық-техникалық бірлестігін дамытудың негізгі бағыттарын, оны заманауи телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып ұйымдастыру нұсқаларын және оларды ұштастыру мәселелерін талқылады.
ҰҚШҰ әскерлерінің (ұжымдық күштерінің) контингенттерінде түбегейлі жаңа мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін перспективалық байланыс құралдарын қолдануға ерекше назар аударылды.
Жұмыс кездесуі барысында әскерлерді басқарудың байланыс жүйесі мен автоматтандырылған жүйелерінің жұмыс істеу нәтижелері қаралды, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимыл жүйесінің техникалық негізін жетілдіру жолдары айқындалды.
Келесі отырыс 2025 жылдың сәуір айында Қырғызстанда өтеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -