ШҚО-да экологиялық мәселелер туралы жиын өтті
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев экологиялық мәселелер бойынша кеңес өткізді. Жиын барысында «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы ресми түрде жұмысын бастады. Бюро директоры Елена Березинская-Абилова жұмыс жоспарын көпшілікке ұсынды.
Айта кету керек, экологтар тұрғындарды жобалық іс-шараларға белсенді түрде тартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен жұртшылықтың ауаның ластану деңгейін төмендету жөніндегі бастамаларын қолдау көзделген.
– «Жасыл қаржыландыру» аясында жобаларға қаржылық және құқықтық қолдау көрсетуге дайын инвесторлар бар. Біз белсенді азаматтардың қоршаған ортаны жақсарту және мониторинг жасау бойынша ұсыныстарын қарауға дайынбыз. Басты міндетіміз – экономикалық немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәуекелдерді барынша азайту, - деді Елена Березинская-Абилова.
Бүгінгі күннің басты міндеттердің бірі – Өскемен қаласының экологиялық жағдайына кешенді зерттеу жүргізу. Сондай-ақ кәсіпорындар шығарындылары, қоғамдық көліктер, жеке сектор, ҚМЖ маусымы, ауа сапасын өлшейтін бекеттер туралы ақпарттарды жинақтап, ортақ дерекқор құру.
- Бюро жұмысына тәжірибелі экологтардың қатысқаны өте жақсы. Сондай-ақ азаматтық қоғаммен тығыз байланыс орнату керек. Бұл көптеген мәселені шешуге көмектеседі. Ортақ деректер қорын құру жағдайды дұрыс бағалап, әрі қарайғы әрекеттерді жоспарлауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Сондай-ақ аймақ басшысы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында санитарлық-гигиеналық нысандарды салу кезінде электрмен жүретін көліктерді қуаттау бекеттерін орнату мүмкіндігі қарастырылатынын айтты. Көліктің экологиялық таза түрлерін жаңғырту және дамыту - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған маңызды міндеттердің бірі.
Жиын барысында Өскемен қаласын абаттандыру мәселесі қозғалды. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстармен өз ісін жақсы білетін мамандардың айналысуы керегін жеткізді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -