Шамамен 27 мың пластик бөтелке: Алматыда «Plastic Reboot» акциясы қорытындыланды
Алматыда 18-24 қазан аралығында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен қалалық «Жарқын күз» науқаны аясында пластик ыдыстарды жинау бойынша «Plastic Reboot» акциясы өтті. Бір апта ішінде қала тұрғындары экологиялық жағдайды жақсартуға деген қызығушылықтарын білдіріп, 26 950 дана пластик тапсырды. Әсіресе, Жетісу және Алмалы аудандарының тұрғындары белсенділік танытты.
«Plastic Reboot» акциясы қайта өңдеу идеясын насихаттауға және қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Науқан барысында жиналған пластик қайта өңдеуге жіберіліп, табиғатқа кері әсерін тигізетін пластик қалдықтарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, қалада пластик бөтелкелердің қақпағын жинау бойынша «Мейірімді қақпақ» акциясы жалғасуда, ол қаладағы оқу орындарында өтуде. Акция осы жылдың желтоқсанына дейін жалғасады, оған балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер белсенді түрде қатысып отыр. Ұйымдастырушылар балалардың эко-жобада маңызды рөл атқаратынын айтады, себебі олардың қатысуы арқылы табиғатқа деген оң көзқарас жас кезінен қалыптасады.
Қақпақтарды жинау нәтижесінде қайта өңделген пластиктен жасалған ерекше жаңажылдық шырша құру жоспарланып отыр. Бұл символикалық арт-нысан Жаңа жыл мерекелерінде қала алаңдарының біріне орнатылып, тұрғындардың назарын қайта өңдеудің және экологиялық өмір салтының маңыздылығына аударуға бағытталады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -