Шет ауданында ұлттық спорт фестивалі өтіп жатыр
Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтіп жатыр. Оған облыстың аудандары мен қалаларынан 500-ге жуық спортшы қатысады.
Олар спорттың 10 түрінен бақ сынайды: көкпар, аударыспақ, асық ату, бес асық, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және топ бәйге (15 км).
– Биыл қыркүйек айында Қазақстан Президентінің бастамасымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні белгілі. Бұл әлемдік жұртшылыққа көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көрсететін халықаралық деңгейдегі маңызды мереке. Біздің ауданда ұлттық спорт түрлерінің фестивалі үшінші рет өтуде. Мұндай жарыстар көп адам үшін спорттық мансаптың табысты бастауы болатыны сөзсіз, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Көкпарға жеті ауданнан – Бұқар жырау, Осакаров, Шет, Қарқаралы, Абай, Нұра және Ақтоғай командалары қатысады.
Жанель Біржан – Осакаров ауданының "Сарыбел" командасының ойыншысы, бес жылдан бері ат үстінде.
– Біздің команда бес жыл бұрын құрылды. Құрамымызда Осакаров ауданының ең мықты ауылдарынан іріктелген 12 ойыншы бар. Жаттықтырушымыз – Ербол Елешов. Бұл фестивальге қатысқанымызға қуаныштымыз. Қарсыластарымыз да әлсіз емес, ең мықтылары – Шет және Нұра аудандары, – деп атап өтті Жанель Біржан.
Қазақ күресінде бес ауданнан 40 спортшы өз шеберлігін көрсетеді.
– Бұл Осакаров, Шет, Бұқар Жырау, Қарқаралы және Ақтоғай аудандары. Жарыс сегіз салмақ дәрежесінде өткізіледі: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және одан жоғары. Әр аудан ең мықты балуандарды әкелді, – дейді фестивальдің бас төрешісі және Шет ауданының қазақ күресі бойынша аға жаттықтырушысы Баубек Орынбай.
Назым Нүкүшева 18 жаста. Жарысқа Бұқар Жырау ауданынан келген. Бес жылдан бері бес асықпен айналысады.
– Алғаш рет мектепте мұғалім ойнауға кеңес берді. Алғаш рет жеңіске жеткенен кейін бейімім барын байқап қызығушылығым артты. Фестивальде Қарқаралы ауданының спортшыларымен ойнап, жеңіске жеттім. Алда әлі ойындар бар. Бес асық ептілік пен қол күшін талап етеді, – дейді Назым Нүкүшева.
Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8–15 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -