Шорт-тректен ел чемпионаты: елордалық спортшы топ жарды
Сарыарқа велотрегінде шорт-тректен Қазақстан Республикасының іріктеу чемпионаты ресми түрде ашылды. Қазақстан чемпионатында еліміздің 10 облысынан келген 117 спортшы бақ сынап жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыстың алғашқы күні 1500 метр қашықтықта жеңімпаздар анықталды. Әйелдер арасында 1500 метрге сынға түскен Астана қаласының спортшысы Малика Ермек күміс жүлдегер атанды. Ал ерлер арасында (1500 м) елордалық Әділ Ғалиахметов жеңіс тұғырынан көрінді.
«Мұнда бапкерлер алдағы Әлем Кубоктарына, Азия ойындарына баратын құрамды іріктеп жатыр. Яғни, бір қашықтықта бірінші орын алғандар Ұлттық құрамаға кіреді. Бүгін жоспарды орындап тұрмын. Соған қарамастан қалған қашықтықтарда да жүгіремін. Бірақ бар күшімді салмаймын, сақтаймын. Алда ұзақ маусым күтіп тұр. Осыған дейінгі жылдары жарыстарда бар күшімді салып, маусым аяғында шаршап қалатынмын. Енді асықпай бастап, соңына дейін күшімді жеткізуім керек. Қазіргі мақсат – осы ойымды жүзеге асыру», – деді Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Әділ Ғалиахметов.
Жаттықтырушылар штабы осы чемпионаттың қорытындысы бойынша 2024/2025 қысқы маусымға екі құрама жасақтауды жоспарлап отыр.
Биыл команда World Tour сериясының жарыстарында, сонымен қатар 4 құрлық чемпионаты, дүниежүзілік Универсиада, қысқы Азия ойындары және әлем чемпионаты секілді маңызды додаларда бақ сынамақ.
Енді ертең шорт-трекшілер 500 метр бойынша жарыста үздіктерді анықтайды.
Айта кетейік ел чемпионаты 5 қазанға дейін жалғасады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -