«Шыңғысханнан Байқоңырға дейін» кітабына Атырау туралы енетін ақпараттар талқыланды
Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов Женева дипломатиялық тобының президенті Роберт Блуммен кездесті. Жиында қос тарап еліміздің визит картасы саналатын «Шыңғысханнан Байқоңырға дейін» атты кітабына енетін Атырау туралы ақпараттарды талқылады, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы екі ел арасындағы дипломатиялық ынтымақтастық шеңберінде жазылатын кітап жұмысына сәттілік тіледі.
- Өзіңізге белгілі, Атырау Еуропа мен Азияның ен ортасы, қойнауы тарихқа толы. Бұл сапарыңызда кітапты сапалы ете түсер құнды ақпарат жинайтыңызға сенімдімін. Атыраудан Алтайға дейінгі кең байтақ қазақ даласындағы оң өзгерістер еңбегіңізде көрініс табады деп үміттенемін. Ізденіс барысында тарихи мәселелермен танысып, қазақ халқының өнер мен мәдениетіне қанығасыз. Өз тарапымыздан Атырау туралы қажетті мағлұматпен қамтамасыз етуге, жан-жақты қолдау білдіруге дайынмын,-деді С.Шәпкенов.
Жиында Роберт Блюм жазылатын еңбек Қазақстанның әр түрлі даму кезеңін қамтып, 12 тарау 300 беттен тұратынын мәлім етті.
- Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа кітап жазу туралы ұсынысымды білдірдім, ол бірден қолдады. Кітапқа жазылатын әр ақпарат маңызды, сіз беретін мәліметтер мен үшін өте құнды. Кітапта Қазақстанның даму кезеңдері, тәуелсіздік, білім, мәдениет, экономика, индустрия, қаржы салалары мен адам құқығы, бостандығы туралы тақырыптар қамтылады. Маған Атырау өңірінен Каспий теңізінің тарихы, мұнай-газ секторы, балық шаруашылығы туралы ақпарат қажет. Мен мұнда екі күн боламын, бірақ тағы келу сәті түссе кітапты өзім қолыңызға ұсынамын,-деді Р.Блюм.
Бұл ретте Серік Шәпкенов кітапқа енгізуге болатын мәліметтер туралы бірнеше ұсыныс білдіріп, қажет болған жағдайда мемлекеттік архивте сақталған материалдарды беретінін айтты. Кездесу қорытындысымен тараптар мүдделі ынтымақтастық салаларында белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -