Әскери-тарихи мұражайда Қарулы күштер тылының тақырыптық экспозициясы ашылды
Экспонаттардың тұсаукесері астаналық Ұлттық әскери-патриоттық орталықта өтті. Онда тыл мамандарының кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиналыс өтті.
Іс-шараға ҚР Қарулы күштері тылының жеке құрамы, басқа әскерлердің, әскери құралымдардың тыл қызметтерінің өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Мекеменің экскурсоводтары құрметті қонақтарға тыл қызметінің құрылу тарихы мен мұражайдың тақырыптық витринасында орналасқан экспонаттар туралы айтып берді. Сонымен қатар, олардың назарына әскери қызметшілер киімдерінің үлгілері ұсынылды.
Жеке құрам мен ардагерлерді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров құттықтады. Ол тыл қызметіне енгізілген жаңалықтар туралы айтып, оның әскерлердің күнделікті, оқу, жауынгерлік өмірін ұйымдастырудағы, оларды жауынгерлік қабілетті күйде ұстаудағы маңыздылығын атап өтті.
- Қазіргі тылға Қазақстан армиясында маңызды орын беріледі. Өйткені бұл көптеген міндеттері бар үйлесімді әрі тиімді жұмыс істейтін механизм. Тыл әскери ұжымдарының қажырлы да, жанқиярлық еңбегінің арқасында ең күрделі міндеттерді орындауға дайын жаңа қамтамасыз ету жүйесін құруға мүмкіндік туды, - деп атап өтті ол.
Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінде үздік шыққан әскери қызметшілерге ведомстволық "Ел қорғаны" медалі мен "Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің үздігі" төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті. Бірқатар әскери қызметшілер Қарулы күштер Тыл бастығының грамоталарымен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты жиын Алматы өңірлік гарнизонында да әскери бөлімдер командирлерінің тылдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарларының, қызмет мамандары мен ардагерлердің қатысуымен өтті.
Онда отставкадағы генерал-майор Владимир Тузиков өз естеліктерімен бөлісті. Ол тылдық қамтамасыз ету жүйесінің қалыптасуы қандай күрделі экономикалық және геосаяси жағдайда болғанына тоқталды.
- Бүгін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімдерінде болып, армияның келбеті қалай өзгергенін көрдім. Сарбаздар толық қамтамасыз етілген, демек, олар Отанды қорғау міндетін орындауға дайын. Мен бір кездері бұл процестің бастауында болғанымды мақтан тұтамын", - деді ол.
Іс-шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен Алматы филиалының шығармашылық ұжымдары дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -