Т. Оспанқұлов Қазақстанда еңбекті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті
ҚР Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚК) төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
ЕӘҚК басшысы сөз басында қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) жанында Ахуалдық орталық жұмыс істейді, ол еліміздің кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті мониторингті, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштерін, еңбек ұжымдарындағы ахуалды тұрақсыздандыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан құзыретті органдар мен БАҚ-тан алынған жедел ақпаратты талдауды жүзеге асырады.
«Бүгінгі күнде әртүрлі еңбек тәуекелдері бар 77 кәсіпорын бақылауда, олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар еңбек жанжалдарын болдырмау жөнінде шаралар қабылдауда. Биыл республиканың 13 кәсіпорнында ереуілдер болды. Қазіргі уақытта барлық ереуілдер аяқталды. Жұмыскерлердің негізгі талаптары – жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Салалық бөліністе жанжалдардың негізгі үлесі мұнай-газ, тау-кен металлургиясы және коммуналдық салалардың кәсіпорындарына тиесілі. Барлық ереуілдер ҚР Еңбек кодексінде белгіленген жұмыскерлердің талаптарын ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өтті, осыған байланысты соттардың шешімдерімен 5 ереуіл заңсыз деп танылды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмыскерлерге еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету.
«Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 126 кәсіпорнында шамамен 1,5 млрд теңге сомаға 9,7 мың жұмыскердің алдындағы жалақы бойынша берешекті анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 8,1 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 890 млн теңге төленді.
Бүгінгі уақытта республиканың 29 кәсіпорнында 1,6 мыңнан астам жұмыскер алдында жалақы бойынша қалдық берешек 682,6 млн теңгені құрайды», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Ол жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында тәуекел аймағындағы кәсіпорындардағы жағдай әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында жүйелі түрде қаралатынын атап өтті. Бұдан басқа мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің жалақы бойынша берешегін төлеуі туралы нұсқамасының орындалуға міндетті құжаттың күші болады.
Еңбекмині еңбек жанжалдарының алдын алу үшін Кәсіпорындардың цифрлық картасы әзірленді және биыл оның шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтер негізінде кәсіпорындардағы ахуалды қаржылық, еңбек және әлеуметтік тәуекелдер бойынша талдауға және әрбір кәсіпорынның жиынтық тәуекел дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін «BI Qlik платформасы» скорингтік моделі енгізілді.
«Бүгінде «Qlik BI платформасы» жүйесімен 13 мыңнан астам кәсіпорын қамтылған. Осы модельді енгізудің арқасында біз еңбек жанжалдарының туындау қаупі жоғары, орташа және төмен кәсіпорындарды анықтаймыз.
Мәселен, бүгінгі күні тәуекелі жоғары 386 кәсіпорын және орташа тәуекелі бар 520 кәсіпорын анықталды. Аталған кәсіпорындармен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп олардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп толықтырды Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Сонымен қатар еңбек заңнамасын сақтау мәселелері ЕӘҚК ерекше бақылауында. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 2366 тексеру жүргізді, оның барысында 3199 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 2437; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 720; халықты жұмыспен қамту бойынша – 42. Жұмыс берушілерге 1409 ұйғарым беріліп, 177,8 млн теңге сомасына 1780 әкімшілік айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан орталық мемлекеттік органның қарамағына беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Үкімет ел Президентімен келісу бойынша ол жөнінде оң шешім қабылдады. Ұсынылған жаңғырту нәтижесінде халықаралық конвенциялар нормаларына сәйкес еңбек заңнамасының сақталуына және кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамасыз етілуіне мемлекеттік бақылау күшейтілетін болады.
Сондай-ақ, ҚР Еңбек кодексіне мемлекеттік еңбек инспекторларына алдын ала ескертусіз қауіпті өндірістік объектілерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында тексерулер жүргізу құқығын беруді көздейтін толықтырулар енгізіледі. Заңнамаға енгізілген түзетулер Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Төлеген Оспанқұлов қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
«Осы жылдың 1 мамырында еліміздің кәсіпорындарында 496 адам зардап шекті немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ға көп (2023 жылы – 425 адам), 59 адам қаза тапты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,1%-ға көп (45 адам). Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қостанай (61 адам зардап шекті), Абай (51 адам), Қарағанды (44 адам) Шығыс Қазақстан (31 адам), Ақтөбе (31 адам) облыстарында және Алматы қаласында (42 адам) сақталуда», – деп хабарлады ЕӘҚК басшысы.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 17% және құрылыс саласында – 12,8% байқалады.
Статистикаға сәйкес, 2023 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1 млн 692 мың қызметкерінің 519 мыңы (35%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді.
Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары деңгейі Қарағанды (64 651 адам), Павлодар (43 971 адам), Шығыс Қазақстан облыстарында (28 121 адам) байқалады.
«Зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2023 жылы еліміз бойынша 697 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 255 млрд теңгеге түрлі өтемақы алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық», – деп хабарлады Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 20%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, осы жылдың 4 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтардың 720 фактісін анықтады.
«Өндірістік жарақаттанудың себептерінің бірі – қауіпсіз еңбекті оқытудағы кемшіліктер. 2023 жылы бұл жазатайым оқиғалардың 20 пайызына, білікті кадрлардың тапшылығына, оқу орталықтарының оқу сапасы үшін жауапкершілігінің болмауына себеп болды.
Осы мәселені шешу мақсатында онлайн-платформа құра отырып, оқыту (оқу орталықтары өткізетін) рәсімдерін және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруді ажырату жоспарлануда. Оқу орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіледі, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құрылады, оның функцияларының бірі білімді тексеру үшін үлгілік оқу бағдарламалары мен бақылау мәселелерін әзірлеу (қайта қарау) болады», – деді ол.
Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3214 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Жұмыс орындарында еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 2 мыңнан астам өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізілді.
2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінде оған 536 кәсіпорын қосылды.
Республика кәсіпорындарында 18 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істейді, онда 24 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмыс істейді. 2023 жылы олар 111 593 тексеру жүргізді, 142 мыңнан астам еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы анықталды, оның ішінде 121 мыңы жойылды.
Еңбек кодексіне норма енгізілді, оған сәйкес құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйымдар (екі және одан да көп) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтауды жалпы үйлестіруді бас мердігер жүзеге асырады, яғни тікелей бақылау жүзеге асырылады: бас мердігер – мердігер. Бүгінгі таңда мұндай бақылау моделін 258 кәсіпорын енгізді.
«Нr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Ол үшін осы сервис еңбек инспекторын ауыстырады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Қазіргі кезде 31 мыңнан астам адам өзін-өзі тексеруден өтті», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы міндетті шарттар болып табылады.
«Арнаулы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмысты жасамауы қажет. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетақы тағайындалғанға дейін арнаклы әлеуметтік төлемдер алады. Осы жылдың 1 мамырына 665,5 млн теңге сомасына 4183 адам арнаулы әлеуметтік төлем алды», – деді ЕӘҚК басшысы.
Арнаулы әлеуметтік төлемге байланысты бірқатар нормалардан басқа, «Қызметкер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңда еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында жұмыс берушілердің түсімдерінің 6% шегінде алдын алу шараларына жұмсаған шығыстарын өтеу жөніндегі нормалар енгізілді (оқыту – қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімін арттыру, құралдармен қамтамасыз ету және т.б.), сондай-ақ жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шеңберінде төленген сақтандыру сыйлықақысының 6% - на дейінгі шегінде оңалту шараларына жұмсалған шығыстарды өтеу.
Зардап шеккен жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында сақтандыру төлемдерін есептеу кезінде қызметкердің кінәсін болдырмайтын ҚР Азаматтық кодексінің 935-бабына өзгерістер енгізілді.
«Министрлік алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта Еңбекмині еңбек жағдайларын жақсартуды және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді көздейтін 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірледі. Онда еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдану, қызметкерлердің жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне қатысуын жандандыру; білім сапасын арттыру және білімді тәуелсіз бағалауды енгізу арқылы еңбекті қорғау бойынша білімді тексеру; қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту қарастырылған», – деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -