Түрік инвесторларының қатысуымен дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдеу бойынша жобаны іске асыру кестеге сәйкес жүргізілуде
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров "Tiryaki Holding" компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар дәнді және бұршақ дақылдарын терең өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаның іске асырылу барысын талқылады.
Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мәселесі министрлік үшін басым мәселелердің бірі болып қала беретінін атап өтті.
"Біз осындай жобаларды іске асыруда және оларды жан-жақты қолдауда ынтымақтастыққа дайынбыз. Бұл үшін Қазақстанда барлық қажетті жағдайлар жасалған, инвесторлар үшін мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары көзделген", - деді ол.
Өз кезегінде "Tiryaki Holding" компаниясының бас директоры Ахмет Тириякиоглу қазақстандық делегацияның Түркияға сапарынан кейін көптеген компаниялар ҚР АӨК инвестициялауға мүдделі екенін атап өтті.
"Сіздің келуіңіз біздің компаниялардың қызығушылығын тудырды. Олар Ауыл шаруашылығын қайта өңдеуге, бірлескен кәсіпорындар құруға дайын", - деді Ахмет Тириякиоглу жобаны іске асыру кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтып. Айта кетейік, компания 2023 жылы қосылған құны жоғары өнім өндіру үшін бидай мен бұршақты терең өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруға кірісті. Жобаның жалпы құны 400 млн долларды құрайды, ол екі кезеңде іске асырылатын болады.
Бірінші кезеңде 235 мың тонна тірі бидай глютені, крахмал, глюкоза және оның туындылары, құрама жем өңделеді деп күтілуде. Екінші кезеңде 100 мың тоннаға жуық бұршақ ақуызы, крахмал және талшық өндіріледі.
Өнімдер жергілікті нарыққа, Солтүстік Америкаға, ЕО елдеріне жеткізіледі.Кездесуде басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды, атап айтқанда, түрік тарапы салқындатылған ет өндіру, пестицидтер мен гербицидтер өндіру бойынша комбинат салуға қызығушылық танытты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -