Тәрбие берудегі өзекті мәселелер талқыланды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы, облыс прокуроры, полиция департаментінің бастығы, құқық қорғау органдарының, департамент және басқармалардың басшылары, қала және аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары, ата-аналар комитетінің өкілдері, мектеп директорлары, олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Аудан әкімдері мен активі бейнебайланыс режимі арқылы қосылды.Аймақ басшысы ұрпақ тәрбиесі әрдайым өте өзекті мәселе болып қала беретінін атап өтіп, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.«Мемлекет басшысы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деп, бұл саладағы жауапкершілікті одан әрі күшейткен болатын. Ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – жұмыстың негізгі бағыты. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тыя алмасақ, соңы небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Орын алған ауыр жағдайлар осыған дәлел. Бүгінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артқан. Жыл басында Сырдария ауданының Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласының Белкөл кентінде, кеше Шиелі ауданының Қодаманов ауылында болған бала өлімі ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Балалардың құқықбұзушылығынан бөлек, педагогтер арасынан да қылмыстық әрекетке барғандар шықты. Бұл – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Облыс әкімі аталған деректер бойынша шұғыл шешім қабылдап, тиісті шара қолдануды талап етті. Атап айтқанда, Шиелі ауданы әкіміне қатаң сөгіс жарияланса, аудандық білім бөлімінің басшысын, мектеп директорын, учаскелік инспекторды қызметінен босату туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ, Сырдария ауданының әкімі де қатаң сөгіс алды. Ал, облыс әкімі аппаратына қылмыстың алдын алу үшін барлық ауылға мониторинг жүргізуді жүктеді.Кеңейтілген мәжілісте облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов, білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов атқарылған жұмыстарды баяндады. Мұнан бөлек, мәжілісте балалар қауіпсіздігі мәселесі талқыланды. Жуырда Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылынан Түркістан қаласына саяхаттауға шыққан, оқушылар мінген микроавтобустан өрт шыққаны белгілі. Аймақ басшысы сақтық шараларының маңыздылығын назарға салып, жазғы демалыс кезінде жол қауіпсіздігін жіті қадағалауды міндеттеді. Жиында тұрақты рейдтерді күшейту, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде құқықбұзушылық, буллинг, лудоманияның зияны, тағы да басқа тақырыптарды ақпараттандыру, кәмелет жасына толмағандар арасындағы профилактикалық жұмыстар бойынша тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -