ТҮРКІСТАН: 50 МЫҢ ГЕКТАРҒА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ЕНДІРІЛДІ
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.
Бүгінгі таңда, облыста 50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылды. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтиды. Облыста 552 мың гектар суармалы жер бар, бұл Республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі.
Осы тұрғыда, өңірде су нысандары инфрақұрылымын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып табылады. Облыста ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын 4180 канал, 42 су қоймалары, 1 256 қашыртқы, 1 794 ұңғыма бар. Су нысандарын салу, қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін, облыстық «Тұран су» коммуналдық мекемесінің әлеуетін тиімді пайдалану қолға алынды. Мекеме тарапынан, облыстық меншіктегі қашыртқыларды механикалық тазалау нәтижесінде тозу көрсеткіші 80 %-дан 10 %-ға төмендеді.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 9 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 су нысанын механикалық тазалауға қаржы бөлінді. Нәтижесінде 42,4 мың га суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы және ағын сумен қамтамасыз етілуі жақсаратын болады. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Тұран су» мекемесін техникалық жарақтандыруға аса басымдылық берілген. 2023 – 2024 ж.ж. мекеме табысы есебінен 60 бірлік арнайы техникалар бөліп төлеу негізінде сатып алынды. Мекеме тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне, каналдар мен арықтарды тазалау мақсатында, құны 756,4 млн. теңгеге 14 дана экскаватор кейіннен сатып алу тәртібімен жалға берілді. Нәтижесінде 714 шқ. каналдар, 387 шқ. қашыртқылар тазалануда. Бүгінгі мерекеде аудан, қала әкімдіктеріне қосымша 10 дана арнайы техникалар табысталды.
Айта кетейік, бүгін Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» салтанатты шарасы өтіп жатыр. Бұл күні тұрғындарға ала жаздай ризық-несібесін жерден терген өңір диқандарының 3000 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған мерекелік шарада асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -