ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАНДЫҚТАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан облысында жылыту маусымы Төлеби, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Сайрам, Келес аудандарында басталды. Қалған аудан, қалаларда қазандықтарды 1 қарашаға дейін қосу жоспарлануда. Облыс аумағындағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының бақылауына алынған және жауапты сала басшыларының үздіксіз қадағалауында тұр.
Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, кезекті рет №5 Жылу электр орталығының жұмысын бақылады. Жауапты басшыларға стартегиялық маңызы бар нысандағы құрылыс және жөндеу жұмыстарын аса жауапкершілікпен атқаруды, сапа мен мерзіміне баса мән беруді тапсырды.
Қазіргі таңда Жылу орталығындағы №5 және №6 қазандықтар іске қосылды. Бірінші кезекте мемлекеттік мекемелерге жылу беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы нысандар мен тұрғын үйлер жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосылуда. Нақтырақ айтқанда, бүгінде 55 көп қабатты тұрғын үй, 10 бюджеттік мекеме орталық жылу жүйесіне қосылды. Кентау қаласындағы жалпы тұтынушылар саны 3400-ден асады. Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлер саны – 348, жеке сектор – 2508, коммерциялық құрылымдар – 451, бюджеттік ұйымдар – 108. Қазан айының 25-не дейін барлық тұрғын үйлер мен нысандарды жылумен қамту көзделіп отыр.
Осы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Жылу орталығында қала әкімі және жылуға жауапты қызметкерлермен бірге жиын өткізді. Жиында орталықтағы қазандықтарда атқарылған жұмыстар сараланып, жауапты тұлғаларға кемшіліктерге жол бермеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, «Түркістан облысы, Кентау қаласының №5 ЖЭО №7,8,9,10,11,12 қазандықтарын қайта құру» жұмыс жобасы бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта №8, 9, 10, 11 қазандықтар іске қосылуға дайын. Сонымен қатар №7,12 қазандықтарды желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -