ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК САЛА МАМАНДАРЫ «САМҒАУ» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
«Кеңес» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, дамуында қиындықтары бар балаларды кешенді сүйемелдеу моделінің авторы Майра Сүлеева Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. «№6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің жұмыс барысымен танысқан Майра Сүлеева ұжым мүшелеріне мүмкіндігі шектеулі азаматтардың игілігі үшін қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Саналы ғұмырын мүгедектігі бар азаматтардың сауығуы мен қолайлы жағдай жасауға арнаған білікті маман қызмет көрсетуде жаңа нысанның мүмкіндігі жоғары екендігін атап өтті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева оңалту орталығы қазан айының соңында пайдалануға берілетіндігін айтты.
«Оңалту орталығы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсетеді. Біздің міндет – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету. Сауықтыру орталығында медициналық, педагогикалық еңбекке баулу және т.б бағыттарда бір мезетте 200 азаматқа қызмет көрсетілетін болады. Ғимаратты толыққанды материалдық-техникалық базамен жабдықталу бойынша жұмыстар атқарылуда», - деді Әсия Құралқызы.
«Кеңес» орталығының әдіскері, педагогика (дефектология) магистрі Татьяна Цифутина оңалту орталығының қызметкерлерімен тәжірибе алмасуға дайын екендігіне тоқталды. Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар сондай-ақ 50 орындық мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының құрылыс барысымен танысты.
Орталықтың құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталып, 2025 жылдың I тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа орталық ғимаратына Төлеби ауданы, Тасарық ауылында орналасқан тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «№ 4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-ні орналастыру (көшіру) жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -