ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА «ҚАЛАМҚАС» ПЬЕСАСЫ САХНАЛАНАДЫ
Түркістан музыкалық драма театры 18-19 мамыр күндері ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасын сахналайды. Бұл туралы бүгін театрда өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндалды. Алдымен сөз алған театрдың көркемдік жетекшісі Шынар Омарова қойылымның басты кейіпкері 18-ші ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы Қаламқас Еселбайқызы туралы айтып берді. Сондай-ақ қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де қамтылғанын атап өтті. Өйткені қазақ халқы қашан да киіктерді өзіне жақын тұтып, аялап, киелі жануар деп санайды.
Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореграф, өнертанушы Константин Семеновтың бұл Түркістандағы екінші қойылымы. Бұған дейін ол сахналаған Ермек Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық қойылымы елімізде ғана емес, шетелдерге танылып үлгерді. Режиссердің айтуынша жас театр ұжымымен жұмыс істеу мол тәжірибе сыйлайды. Бұл жолы драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігі пайдаланылады деді. Бұл – Қаламқас» спектакліндегі ең басты ерекшелік. Сондай-ақ әр спектакль алдында қызу дайындықтан бұрын, қазақ тарихы мен мәдениеті туралы туындыларды оқитынын жеткізді.
Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері ойнайды. Театрдың жас әртістері Аида Серикова мен Айя Дәрібаева және Шерхан Саматұлы өз рөлдері туралы тарқатып, дайындық барысындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Ал Қаламқастың пластикалық дублері, театрдың балетмейстер ассистенті Сакаи Мао көрерменге сөзден бөлек, дене қимылы арқылы да сол сәттегі әсерді беруге болады деп санайды. Сондықтан осы спектакльде балет труппасының үлесі зор дейді. Бұдан бөлек Мерей Құдайберген, Аида Жақсылықова, Гүлжанат Қаламғазина, Рүстем Шайхов, Асхат Тарих, Бекарыс Қарағұлов, Атабек Садырқұлов, Аслан Алиев бар.
Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады. Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқастың рухы шығар?! Қойылым осы оқиғаға негізделген. Қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа оңай тимейді. Қойылымдағы «Киіктер биі» арқылы дала жануары адамзатқа тіл қатқандай әсерге бөленесіз.
Айта кетейік, «Қаламқас» пластикалық драмалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Идея авторы – Түркістан музыкалық драма театрының негізін қалаушы, тұңғыш директоры мен көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова. Композиторы – жас композитор Хамит Шанғалиев. Қазіргі таңда «Қаламқас» пластикалық драмалық қойылымының премьерасына қызу дайындық жүріп жатыр. Билеттер театр кассасында және Ticketon сайтында сатылымда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -