ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 11 СУ НЫСАНЫНА КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысында 552 мың гектар суармалы жер бар. Бұл – республикалық көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. Өңірде экономиканың негізгі саласының бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан су нысандары инфрақұрылымын дамыту, жөндеу, тазалау аса өзекті. Аталған бағыттағы жұмыстар мен мәселелер облыс әкімдігінде өткен мәжілісте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын ретке келтіру маңызды екеніне тоқталып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Жылдан-жылға су тапшылығы мәселесі қиындауда. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын түсірмеу керек. Облыстағы ағын су мәселесін шешетін, шаруалардың тірлішігіне тікелей әсер ететін жобаларды жедел жүзеге асырып, каналдарды жөндеу, тазалау маңызды. Кезек күттірмейтін нысандар бойынша жоба жасап, бюджетке ұсынып, жұмысты бастау қажет. Өңірдегі жеке меншіктегі су нысандарын да зерделеп, тиісті ұсыныс беріңіздер. Әр аудан, қала әкімі, жауапты басқарма басшысы тиісті жұмыс жүргізсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл облыстық бюджеттен жалпы 9,4 млрд. теңге қаржы қаралып, 11 су нысанына күрделі жөндеу және 939 шақырымды құрайтын қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 7,8 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі және 19,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу», «Арыс магистралды каналын күрделі жөндеу», және «Қараспан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобалары есебінен Түркістан өңіріне қосымша 233 млн. м3 ағын су жеткізу мүміндігі бар. «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасының 2 кезеңінің құжаттамасы дайын. Жоба құны – 11,5 млрд. теңге. Жоба аясында 25 дана су өткізу құрылымдары автоматтандырылады. Сондай-ақ 24,9 шақырым каналды бетондау арқылы жылына 29 млн. м3 ағын суды үнемделмек.
Бұдан бөлек, көктемгі су тасқынын алдын алу және шаруаларға ағын суды сапалы жеткізу мақсатында, «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгеріміндегі арнайы техникалар есебінен аудан, қала аумағындағы жалпы ұзындығы 371,5 шақырым канал мен 136,7 шақырым қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген.
Облыста су үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту мақсатында жергілікті 3 кәсіпорын іске қосылды. Жоба құны – 12,0 млрд. теңге. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы – 73 мың гектар.
Жиында Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың да есебі тыңдалды. Өңірде аталған басқарманың тапсырысымен жалпы құны 45,7 млрд. теңгені құрайтын 5 ірі су жобасы іске асырылуда. 4 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 1 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірлеу барысында. Оның ішінде «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүріп жатыр. «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасының да құрылысы да қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -