ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ
Түркістан облысында аса маңызды әрі елдің экономикасын көтеретін жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қазіргі жай-күйі қандай? Қандай мәселелері бар? Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті мәжілісінде осы түйткілдер тарқатылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров жүргізіп, жобалардың жағдайымен таныстырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестордың пікірін, ұсынысын тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары инвестиция тарту бағытында белсенділікті арттырсын. Ізденіңіздер. Инвестиция тарту, өндіріс және жұмыс орындарын ашу – басты міндетіміз. Жұмысты күшейтіңіздер. Кәсіпкерлермен, инвесторлармен ақылдасыңыздар. Екіншіден, жерді алып, жұмысын уақтылы бастамаған инвесторларға да заң шеңберінде шара көрілсін. Жер берілген соң жобалар өз уақытында жүзеге асуы керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Инвестициялық штаб отырысында 14 жобаның жай-күйі талқыланды. Сол жобалар жүзеге асатын аймақтың әкімдері мен инвесторлардың есептері, ұсыныстары тыңдалды.
Түркістан облысында дрон шығаратын, интеграцияланған жылыту жүйелеріне арналған жабдықтар өндіретін зауыттар салу жұмысы жүруде. Өсімдік майын шығаратын зауыт салу жобасы да ұсынылған. Бұл жобалар Сауран ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асады. Сонымен бірге Кентау мен Түркістанда газ қазандықтары мен тұрмыстық техника өндіретін зауыт құрылысы да жүргізілмек. Жобаның 1-кезеңі бойынша «Кентау» арнайы-экономикалық аумағындағы бұрынғы экскаватор зауытының қолданыстағы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. 2-кезеңің іске асыру бойынша «TURAN» арнайы-экономикалық аумағынан 4 га жер бөлу көзделіп отыр.
Сайрам ауданындағы «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің бу-газ қондырғысының құрылыс барысы мен «Казахстанские коммунальные сети» ЖШС-нің газ турбиналы электр станциясын салу және жел электр станциясын салу жобалары да талқыланды. Жобаны уақтылы аяқтау қажеттігі ескертілді.
Түлкібас ауданындағы «Beibars-Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндіру зауытының құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарына шеф-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жобаны іске қосуға қажетті электр энергиясы мәселесін шешу күтіліп отыр. Мақтааралдағы «GLOBAL TEXTILE TURKESTAN» ЖШС-нің тоқыма кластерін құру жобасын іске асыру барысы да зерделенді. Бүгінде аталған компанияның көмегімен жоғары сұрыпты мақта егілген, түсім ойдағыдай.
Мәжілісте осы және өзге де жобалар талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалер берілді. Түркістан облысында зауыттар салу, өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -