ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАНУДА
Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, облысқа қарасты елді мекендерде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт бой көтермек. Бұл нысандардың құрылыс барысы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатаң бақылауында тұр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жауапты сала басшылары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге Ұлттық пилоттық жоба аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтады. Жобаның маңыздылығына тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар міндеттеді.
– Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасының маңызы орасан. Бұл – мемлекеттік ғимарат. Құрылыс жұмыстары аса жауапкершілікті талап етеді. Уақыт тығыз. Жоспар белгіленген. Жұмыс процесін білесіздер. Сіздерден артық жұмыс талап етпейміз. Заңға сәйкес, белгіленген нормаларды сақтай отырып жұмыс жүргізіңіздер. Апта сайын нысандардың құрылысына мониторинг жүргізіледі. Құрылыс барысы тікелей Үкіметтің бақылауына алынған. Көмек қажет болса, көрсетеміз. Уақыт жоғалтпай, жұмысты ұйымдастырыңыздар, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Қазіргі уақытта 3 ФАП-тың құрылысы басталып кетті. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданындағы Көкпарсай және Төрткөл ауылдарында 2 нысан, Жетісай ауданындағы Баққоныс ауылында 1 нысан салынып жатыр. Одан бөлек, 27 жобаның конкурсы жарияланды. Оның ішінде, 22 жобаға жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған 5 нысан бойынша жеңімпаздар анықталуда. Сонымен қатар, 19 жоба бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, өңір басшысының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын жаңарту жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта жұмыстарды ширату үшін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев білім мекемелерін күрделі жөндеуден өткізетін мердігерлермен кездесті. Сайрам ауданы, Әсіларық ауылындағы №49 Шохан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Оқуашылардың қауіпсіз әрі жайлы мектептерде білім алуы үшін барлық жағдай жасалу керек екенін тілге тиек етті. «Балалар жаңа оқу жылын жаңарған білім ордасында бастауы тиіс» деген облыс әкімінің орынбасары мердігерлерге сапа мен мерзімді қатаң қадағалауды тапсырды.
Биыл Түркістан облысындағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға жалпы 7,7 млрд. теңге қаржы қаралды. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 7 мектеп қамтылса, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 15 мектеп жөндеуден өтпек. Жаңа оқу жылына аяқтау жоспарланған нысандардың сапасы жіті бақылауда болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -