ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА ТЕРІМІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысында мақта терім науқаны басталды. Бүгін облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы науқанды сапалы ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімдері мен Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
– Біріншіден, шаруалар мен мақта қабылдаушы зауыттар арасында заңды келісімшарт болуы тиіс. Екіншіден, мақта терімін таза әрі сапалы ұйымдастыру маңызды. Мақта өсірілетін аудан, қала әкімдері бұл жұмысты тікелей бақылауға алып, тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Біздің алдағы мақсатымыз – мақтаның сапасын көтеру, жаңа технологияларды енгізу және мақта кластерін дамыту. Осы бағытта жұмыс жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, өңірде мақта теру жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде 106,4 мың гектардан 300 мың тоннадан аса мақта жиналады деп күтілуде. Аудандарда техникалар мен жұмысшылар дайын. Мақтаның сапасын көтеру, мақта зауыттарының жұмысын жүйелеу, мақта өткізу нарықтарын кеңейту және өзге де мәселелер талқыланған жиында жауаптыларға тиісті міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, Түркістан облысында мақта сапасын жақсарту мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады деп көзделген. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік жойылмақ.
Аппарат мәжілісінде жылыту маусымына дайындық және қоғамдық-саяси ахуал да талқыланды. Бұл жөнінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың баяндамалары тыңдалды. Облыста әлеуметтік нысандар мен білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау мекемелері тиісті көмірмен қамтылуда. Жылу станцияларының дайындығы да бақылауға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -