ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Мектептердің құрылыстарына «Ұлттық қордан» 139 млрд. теңге қаралып, құрылыстары басталған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан ұсынған жоспар бойынша 2024 жылы 16 мектеп, 2025 жылы 13 мектеп пайдалануға тапсырылуы тиіс. Аталған бағыттағы көрсеткіштер мен өзекті мәселелер облыс әкімдігіндегі мәжілісте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылысқа тапсырыс беруші, мердігерлер, жергілікті әкімдіктер мен жауапты басқарма осы жобаны уақтылы жүзеге асырып, бірлесе жұмыс істеуі керек екенін ескертті.
– «Жайлы мектеп» жобасы Президентіміздің тапсырмасымен қолға алынды. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Жобаны кешіктірген мердігерлерге заң шеңберінде шара көріледі. Облыс және аудан, қала әкімдіктері тарапынан инфрақұрылым тарту, нысан соғатын жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Ол міндетті орындаймыз. Ал «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен мердігерлер құрылысқа тікелей жауапты. Біз бүгін бұл жерге бір-бірімізге сын айту үшін емес, жұмысты жеделдету жолын талқылау үшін жиналып отырмыз. Мәселелерді осы жерде ашық айтыңыздар. Мердігерлер де, тапсырыс беруші де ұсыныстарын жеткізіп, жұмысты ширатуға күш салғаны дұрыс. Аудан, қала әкімдері тапсырылатын мектептердің құрылысын қатаң қадағалап, инфрақұрылым желісіне қосылуын реттеңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұрхановтың айтуынша, Ұлттық жоба бойынша облыстық бюджеттен 4,8 млрд. теңге қаралып, мектептерге инженерлік инфрақұрылымдар тарту жұмыстары аяқталған (газ, су, электр, байланыс). 7 мектепке кірме жолдардың құрылысы бітсе, 22 мектептің кірме жолдарына ауыр техниканың жұмыстары аяқталған сон асфальт қабаттары төселеді. Қазіргі таңда өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 1 мектеп тапсырылды. Қараша айында тапсырылатын 3 мектептің негізгі қаңқалары көтеріліп, шатырлары жабылып, ішкі әрлеу, абаттандыру жұмыстары 90% орындалған, құрал-жабдықтар орнату жұмыстары басталған.
Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары-басқарма мүшесі Ғабит Малғаздаров, Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы Сәкен Әшірбаев, Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысының орынбасары Асылан Өтепбергенов жобаны жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Әрбір мәселе назарға алынып, қаржыландыру, құрылыс қарқынын арттыру бағытында тиісті жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Сонымен бірге мердігерлердің пікірлері де тыңдалды.
Мәжілісте құрылысы кешіккен мектеп мердігерлеріне сын-ескертпе айтылып, тиісті міндеттер жүктелді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілдеріне құрылыс қаржысы, нысанды қабылдап алуға қатысты мәселелерді шешу жөнінде тиісті ұсыныстар берілді. Аудан, қала әкімдеріне де тиісті міндеттер жүктелді.
Өңірде «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -