ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМДАРЫ БАС ҚОСТЫ
Биыл қасиетті «Құрбан айт» мейрамы маусым айының 16 жұлдызына түседі. Осыған орай, Түркістан қаласындағы орталық мешітте мәжіліс өтті. Жиынға Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, облыстың Бас имамы Ержан Төлепов, аудан және қалалардың Бас имамдары қатысты. Басқосуда «Құрбан айт» мейрамы қарсаңында өтетін іс-шаралар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан жұмыстар туралы айтылды. Басқарма басшысы жиынға қатысушыларға бірқатар тапсырмалар жүктеп, экоакцияға белсене атсалысуға шақырды.
Түркістан облысында мейрам қарсаңында 52 бағыт бойынша іс-шара өткізу жоспарлануда. Мейрам қарсаңында санитарлық тазалық жұмыстары да күшейтілмек. Қазіргі уақытта әр Жұма намазында «Таза Қазақстан» акциясы бойынша уағыз-насихат жүргізіліп, тұрғындармен бірге сенбіліктер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, өңірдегі мешіттердің айналасын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Дін бірлестіктері аталған акцияға тұрақты атсалысуда.
Бұдан бөлек, жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда және рухани-адамгершілік жағдайын қалыптастыруда дін өкілдерінің алатын орны ерекше екендігі тілге тиек етілді. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -