ТҮРКІСТАН: САЙРАМДА «ЭРУДИТ» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫ ӨТТІ
Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына орай, білім мен зияткерлікті дамытуға арналған облыстық «Эрудит» интеллектуалды ойыны өтті.
Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ернар Бектаев, Сайрам аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудан мәслихатының депутаттары Асанәлі Каримов мен Дархан Айдарханов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жобаның мақсаты – жастардың білімге құштарлығын оятып, ой-өрісін кеңейту, логикалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, өзара қарым-қатынас пен командалық жұмыстың маңыздылығын ұғындыру.
Интеллектуалды ойынға облыс аумағындағы аудан, қалалардан және аудандағы түрлі мекемелерден келген түрлі сала өкілдері мен жас еріктілерден құралған 15 команда қатысты.
Сайыс 5 кезеңнен тұрып, әр кезеңде қатысушылар тарих, әдебиет, спорт, ұлттық дәстүрлер, логикалық тапсырмалар сияқты әртүрлі салалар бойынша сынға түсті.
Тартысты да, қызықты өткен сайыстың нәтижесінде 1-орынды Созақ ауданының «Теріскей» командасы иеленіп, 300 мың теңгені қанжылады. 2-орыннан сайыста бірдей ұпай жинаған облыстық «Жастар ресурстық орталығының» «Алаш» және Келес ауданының «Келес» командалары көрініп, 200 мың теңгені еншілесе, Сайрам ауданының «Бәйтерек» командасы 3-орынды місе тұтып, 100 мың теңге сыйақыға ие болды. Сондай-ақ «Үздік талпыныс» номинациясын Сарыағаш ауданының «Конина Power» командасы жеңіп алып, 50 мың теңгені иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
«Эрудит» ойыны облыстың білімді жастарын бір ортада жинап, олардың өзара достық қарым-қатынасын нығайтатын игі дәстүрге айналып отыр. Аталған бағыттағы іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -