ТҮРКІСТАН: САЙРАМДЫҚТАР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА АТСАЛЫСУДА
«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Сайрам ауданына қарасты барлық елді мекендерде тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Соның бірі ауданға қарасты Қарасу, Қарабұлақ және Көлкент ауылдық округтерінде жалғасты. Тазалық шарасына аудандық жастар ресурстық орталығы, Сайрам ауданы Мансап орталығы мамандары, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жастарының мүшесі Надыржан Хасантаев бастаған ауылдың белсенді жастары мен ақсақалдары да атсалысты.
Тазалық акциясы аясында республикалық маңызы бар жолдардың бойлары мен ішкі көшелер бей-берекет тасталған күл-қоқыстардан тазартылды. Оған қоса орталық көшелердегі аялдамалар қалыпқа келтіріліп сырланды. Бұдан бөлек, жол жиектеріндегі қураған шөптер шабылып, сынған ағаштар арнайы қоқыс аймағына шығарылды. Сондай-ақ, Көлкент ауылдық округіне қарасты Шапырашты ауылындағы Ақтан ата өзенінің бойы тұрмыстық қатты қалдықтардан арылды.
Айта кетейік, аудан аумағында тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуі аудан әкімі Арман Сәбитовтің ұдайы бақылауына алынған. Төңіректі таза ұстауға арналған игі шаралар мұнымен шектелместен, алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -