ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «ЖІЛІК ҰСТАТУ» РӘСІМІ ӨТТІ
Сарыағаш ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы жоспары аясында «Қазақстан бірлік пен татулықтың мекені» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Алтаев, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Е.Күзембаев, ҰҚКД бастығының орынбасары Ж.Орынбаев, аудан әкімі А.Абдуллаев, сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы А.Оспанов, бокстан әлем чемпионы Б.Жақыпов, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Е.Есжанов және әзербайжан, өзбек этностарының өкілдері мен Жібек жолы ауылының жастары қатысты.
Игі шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, жамағатқа ыстық ықыласын білдіріп, азат елдің егемендік жылдары жарқын жетістіктерді бағындырғанын, барлық игілік пен жетістік бірлік, этносаралық татулық ұғымдарымен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының бастамасымен бірлікте, ынтымақта болайық, деген мақсатпен «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбы аясында «Жілік ұстату» рәсімі өтті. Бұл рәсім түркі тілдес халықтар арасында бауыр, дос болайық арамызды ешқандай ала жіп үзбесін деген мағынада жасалынады.
Шара барысында Жібек жолы ауылындағы қазақ, әзербайжан, өзбек өкілдері жілік ұстасып, дос-бауыр болып, ауыл жастарын татулыққа, ынтымаққа шақырды.
Жалпы 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүруде. Алдағы уақытта да жер-жерде, көршілес ауылдарда достық пен татулықты дәріптейтін іс-шаралар жиі өткізілетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -