ТҮРКІСТАН: ШТАБ ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысында канго-қырым геометриялық қызбасына қарсы және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиынға денсаулық сақтау басқармасы, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы, Мемлекеттік кірістер департаменті, білім басқармасы, облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы және онлайн байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты.
– Жыл сайын көктем-күз айларында конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында елді-мекендерде кенелерге қарсы арнайы мекемелермен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Кенеге қарсы дезинсекциялау сапасы мен тиімділігін анықтау бойынша аудан, қалаларда тиісті мекеме қызметкерлерінің қатысуымен құрылған арнайы комиссия жұмыстарын жандандыру қажет. Биыл облыс бойынша дезинсекциялау жұмыстары кеш басталды. Кенеге карсы дезинсекциялық жұмыстарын арттырып, дәрілеу жұмыстарын уақытылы жүргізген жөн. Әйтпесе кенеден келетін кесел аса қатерлі. Облыс бойынша ветеринариялық қызмет тарапынан жүргізілетін кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының сапасын қадағалау мемлекеттік тапсырыс беруші және аталған жұмыстарды ветеринариялық салада бақылау және қадағалауға құзырлы мекемелердің қатысуымен жүргізілуі керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Б. Тәжібаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Бауыржан Сатыбалды өңірдегі конго-қырым геометриялық қызбасында атқарылған іс-шаралар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, ал облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбол Нышанов осы саладағы түйткілдерге тоқталды.
Жиын барысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының міндетін уақытша атқарушы Бағлан Базарбекұлы баяндама жасады.
Оның айтуынша, өңірде медициналық ұйымдарға – 2 061 680 адам тіркелген. Ал, бірыңғай халықты тіркеу ақпараттық жүйесінен (РПН) мамыр айына жүктелген мәліметтерге сәйкес, МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар саны – 1 млн 700 мыңға жуық (81,9%), сақтандырылмағандар саны – 400 мыңға жуық (18,1 %) адамды құрады. Сондай-ақ орталық аппаратқа тұрғылықты мекен-жай бойынша табылмағандар немесе мүлдем мәлімет жоқ 1288 адамның тізімі жолданды.
Жиында бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылып, сауалдар қойылды. Өзекті мәселелер ортаға салынып, тиісті тапсырмалар берілді. Жауаптыларға МӘМС бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -