ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТАҒЫ ІРІ КӘСІПОРЫНДАР ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп-Сауран» өнім шығаратын зауытында болды. Кәсіпорын табиғи уран өндірумен, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорында 1 мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың 95%-ы – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары. Облыс әкімі кәсіпорын басшылығымен бірқатар маңызды мәселені талқылады.
– Жергілікті халықты қолдауды, ортақ әлеуметтік шаралар ұйымдастыруды күшейтуді ұсынамыз. Оқу орындарын ашуға болады. Онда өздеріңізге қажетті мамандарды даярланса жақсы. Әлемнің ең ірі деген кәсіпорындары қайырымдылық жасау жағына да ерекше көңіл бөледі. Тұрғылықты халықтың қолайлы өмір сүруі үшін жағдайлар жасайды. Ендеше сіздерге де осы бағытта жұмыстарды күшейтуді ұсынамыз.
Келісіп жұмыс істейік, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кәсіпорында уранды тұндыру бойынша аффинаждық цех, уран оксиді тотығын контейнерге түсірудің роботтандырылған кешені және дайын өнім қоймасы бар. «Казатомпром-Sauran» ЖШС табиғи уран өндірісін Түркістан облысында орналасқан «Қанжуған», «Орталық Мойынқұм» және «Мыңқұдық» кен орындарында жүргізеді.
Сонымен қатар облыс әкімі Таукент кентіндегі «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнын аралады. Төртқұдық жаңа зауытының құрылысы мен өндіріс нысандарында болып, жұмысымен танысты. «Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны 1996 жылы Созақ ауданының аумағындағы Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында іске қосылған. Сол жылдардан бастап өндіріс орны мемлекеттік саясатын жүзеге асырып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде. Уран өндіруде көшбасшы кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік жобаларға да демеушілік танытуда.
Қазіргі уақытта кәсіпорын құрамында уран бар кен және пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу, тасымалдау, сақтау сияқты қызмет түрлерімен айналысады. Мұнда 1327 адам жұмыспен қамтылған. Оның 50 пайызға жуығы, яғни 611 адам – Созақ ауданының жергілікті тұрғындары.
КАТКО 2009 жылдан бері жергілікті экономикаға 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызмет
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -