ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Түлкібас ауданында аудандық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды. Аталған ғимараттың ашылу салтанатына облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан прокуратурасының қызметкерлері осы уақытқа дейін өткен ғасырда бой көтерген ескі ғимаратты пайдаланып келген-ді. Енді, міне, көркімен көпшілік көзінің жанарын алатын, заман талабына сай жаңа ғимаратқа ие болып отыр.
Прокуратура ұжымын облыс прокуроры Мұрат Әжінұрұлы және облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы жаңа ғимараттарымен құттықтады. Бұл ғимарат Мемлекет басшысының қадағалаушы органдардың қажеттіліктері мен сұраныстарына, прокуратура қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен әлеуметтік кепілдермен қамтамасыз етілуіне жасап отырған тұрақты қамқорлығының белгісі екенін жеткізді. Облыс прокуроры жаңа ғимараттың бой көтеруіне ықпал жасаған облыс басшылығына алғысын білдірді.
Аудандық құқық қорғау саласы қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Сауран Танатбаевтың батасынан соң жаңа ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, жиналған қауым нысанды аралап көрді. Содан соң келген қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, ауылдың көркіне көрік қосып тұрған заманауи ғимараттың алдын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -