ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ҚЫЗДАР АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен Ислам Пірназаровтың шәкірттерінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында 2008-2009 жылы туылған қыздар арасында волейболдан облыстық турнир өтті.
Жарыстың салтанатты ашылуына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев, Ислам Тұрдыбайұлының туыстары мен шәкірттері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, ұлағатты ұстаз Ислам Пірназаровты еске алу болып табылатын облыстық байрақты бәсекеге Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент қаласынан келген 20 командада 300-ге жуық спортшы қатысып, бақтарын сынасты.
Пірназаров Ислам Тұрдыбайұлы 1959 жылы дүниеге келген. 1984 жылдан бастап Жылы су ауылдық округіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып өмірінің соңына дейін еңбек еткен. Ұстаздық ете жүріп оқушы қыздар арасында волейбол командасын құрып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған турнир алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейде өткізу жоспарланып отыр екен.
Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, IV орынға Қазығұрт ауданының командасы, жүлделі ІІІ орынға Мақтаарал ауданының құрама командасы табан тіресе, ІІ орын Жетісай ауданының бұрымдыларынан құралған ойыншыларға бұйырды. Ал жүлделі І орын Түркістан қаласының әуе доп шеберлерінің қанжығасына байланып, чемпион атанды.
Одан бөлек, жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар – Ажар Жұмағұлова «Үздік қорғаушы», Айзере Хамидулла «Үздік шабуылшы», Ұлжалғас Қожақай «Үздік доп ұзатушы», Назима Каримова «Үздік ойыншы» номинацияларына ие болса, Алена Романова мен Жахонгир Мадалиев «Үздік жаттықтырушы», Батырхан Әбдіәшім мен Бақдәулет Саттар «Үздік төреші» атанды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен үздіктер ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, кубоктарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -