ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР ОБЛЫСТЫҢ ЕҢ ҚАРТ ТҰРҒЫНЫН МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі аясында жасы 100-ден асқан әжелерді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Аудан басшысы алдымен Қазыбек би ауылдық округі, Жамбыл елді мекенінің тұрғыны 1922 жылы Түркістан ауданында туылған Қалдан Қадырбекованың шаңырағында болды. Бүгінде 102 жасқа толған Қалдан апа 1939 жылы Киров ауданына отбасымен канал қазуға көшіп келіп, осында тұрақтап қалған. Өзінен туылған 8 перзенттен 40 немере, 60-қа жуық шөбере мен шөпшек сүйіп отырған батыр ана.
Ал, Жетісай қаласының тұрғыны Гүлсім Ақшаева 1922 жылы туылып, 13 перзентінен 40-тан астам немере-шөбере сүйіп отыр. Белі қатып, бұғанасы бекімей жатып тың игеруге қатысып, кейіннен екінші дүниежүзілік соғыста қан майдандағы жауынгерлерге қолынан келгенше көмек берген әжей соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан.
Сондай-ақ аудан әкімі Түркістан облысының ең қарт тұрғыны, 110 жастағы Унгай Бегбаеваның да шаңырағында болды. 1914 жылы Тәжікстан Республикасының Қорғантөбе облысында дүниеге келген әжей бүгінде Қарақай ауылдық округінің Қ.Сәтпаев елді мекенінде тұрады. 1926 жылдан бастап еңбекке ерте араласқан әжей ауыл шаруашылығы саласында мақта теріп, қолмен канал қазған. Колхоз-совхоздарда табанды еңбек етіп, жеткен жетістіктерімен өзгелерге үлгі болған. 5 перзентінен 14 немере мен 30 шөбере сүйіп отырған әжей тек әулеттің ғана емес бүкіл бір ауылдың жазылмаған тарихы, ақылгөй анасы іспетті.
Айтулы күнді ескеріп, арнайы құттықтап барған аудан басшысына елге қадірлі, қазыналы тәлімі кейінгі буынға әрқашан үлгі-өнеге болып отырған ардақты аналар алғысын білдіріп, баталарын берісті. Алдағы атқарар істеріне сәттілік тілеп, елдегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың бұзылмауын қалайтындықтарын жеткізді.
Сала мамандарының мәліметінше Жетісай ауданында тіркеуде тұратын 17624 зейнеткердің 1-і Ұлы Отан соғысының қатысушысы болса, 287-сі тыл ардагерлері, 8-і Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар ардагерлерінің жесірлері, 8-і 100 жастан асқан қариялар, 262-сі еңбекке жарамсыз жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -