ТҮРКІСТАНДА КІШІ ФУТБОЛДАН ДЕПУТАТТАР АРАСЫНДАҒЫ ОБЛЫС БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ
Бүгін Түркістанда Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығы аясында Түркістан облысының барлық деңгейдегі депутаттары арасында кіші футболдан облыстық біріншілік басталды. Дүбірлі сынды Түркістан облыстық мәслихаты ұйымдастырды.
Түркістандағы «Астана» спорт кешенінде өтіп жатқан біріншіліктің деңгейі өте жоғары. Футбол бәсекесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысып, спортты серік еткен азаматтарға сәттілік тіледі.
– Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызды осы айтулы сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін осы мерекеге орай өңір депутаттары жасыл алаңда шеберлік байқасуда. Мемлекет Басшысы халыққа арнаған Жолдауларында ұлт денсаулығын сақтау, спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл ретте облысымызда спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ортақ іске депутаттар қауымы да үлес қосып келеді. Облыста тұрғындарымыздың салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында соңғы жылдары көптеген спорт нысаны пайдалануға берілді. Олардың арасында «Түркістан Арена» стадионы, «Мұз сарайы», «Теннис орталығы», «Olympic Center» спорт кешені жұртшылықтың оң бағасына ие болды. Бүгінде Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің, ескек есу каналының құрылысы жалғасуда. Октябрь Жарылқапов атындағы стадион жаңартылды. Аудан, қалаларда да спорт нысандарының саны артуда. Бұның бәрі мемлекетіміздің спортқа деген қолдауының жемісі. Бүгін сіздер Түркістан төріндегі облыстық біріншілікте саламатты өмір салтын сөзбен емес, іспен дәлелдеп жатырсыздар. Әрдайым сергек болып, елге қызмет ете беріңіздер. Баршаңызға денсаулық, сәттілік, табыс тілеймін! – деді Дархан Сатыбалды.
Мәслихаттардың 30 жылдығын атап өту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы жарысқа облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппаратының қызметкерлерінен құралған 18 команда қатысуда. Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Бірінші орынға 1 млн теңге, кубок және медальдар тапсырылады. Екінші және үшінші орын алған командалар да қомақты сыйлыққа ие болады. Сонымен бірге үздік ойыншыларға бағалы сыйлықтар беріліп, құрмет көрсетіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -