ТҮРКІСТАНДА ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТІП, ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ
Биыл әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай бүгін Түркістанда «Қазақ хандығы тұсындағы идеология: Жауынгерлік рухты дәріптеудегі Қобыланды батыр жырының маңызы» тақырыбында республикалық ғылыми практикалық конференция өтті.
«Фараб» кітапханасында өткен шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, қазақ батырларының тарихтағы рөлі туралы ой қозғап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
– Өткен мен келешекті байланыстырып, тарихи сананы жаңғыртуда бүгінгі жиынның маңызы аса зор. Біз қашан да ханын ұлықтап, батырын қадірлеген халықпыз. Сондықтан да олардың еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Міне, осы үрдістің заңды жалғасы ретінде Қобыланды батырдың тұлғасының кеңінен ашу мақсатында алқалы жиын рухани шаһарда өтіп жатыр. Түркістан өңірі – еліміздің киелі де қасиетті мекені. Облыс орталығына айналғанына енді ғана алты жыл толса да, құтты мекеннің тарихы тым әріден басталады. Түркістанның жаңа кезеңге қадам басуы, қайта жаңғыруы тағы бір тынысын ашқандай. Бүгінгі жиында тарихи шаһардың өткені туралы тың мағлұматтар айтылып, батыр бейнесінің қайталанбас қырлары сөз болады деп ойлаймын. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді басқарма басшысы.
Жиын барысында конференция қонақтары түрлі тақырыпта баяндама жасап, батырдың ерлігі жайлы сөз қозғады. Профессорлар Шәкір Ыбыраев пен Тынысбек Қоңыратбаев және Досай Кенжетай, доцент Бақыт Әбжат тың деректермен бөлісті. Шара әрі қарай Сауран ауданында жалғасты. Еңбекші Диқан ауылында қазақтың хас батыры Қобыланды батыр ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.
Қобыланды Тоқтарбайұлы – XV ғасырда өмір сүрген аты аңызға айналған халық батыры. Халық жадында сақталған әңгімелерде, халық шежірелерінде оны көбіне «Қара Қыпшақ Қобыланды» деп атайды.
Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түркі жұртының біразына халық ауыз әдебиеті өнері ортақ. Соның ішінде Қобыланды батыр – қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Онда Қобыландының батырлығы, күштілігі, адалдығы, намысқойлығы ерекше сипатталған. Қобыланды батыр жырының 29 нұсқасы бар. Айтушылардың осыншама көп болуы жыр сюжетінің халыққа кең тарағандығын көрсетеді.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша монументті өнер туындыларының саны – 842. Оның ішінде ескерткіш – 89, бюст – 339, стелла – 414. Соңғы 3 жылда облыстың аудан қалаларында 31 ескерткіш орнатылған. Барлығы заң шеңберінде жүзеге асып, ұлылар тұлғасын ұлықтауда жемісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -