ТҮРКІСТАНДЫҚ «САЯЛЫ САРЫАҒАШ» АНСАМБЛІ БЕЛАРУСИЯДАН ҮШ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
Беларусия Республикасы, Пастава қаласында XXXIV Халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалі өтті. Ұлттық аспаптарды дәріптеуге бағытталған байқау 34-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына бірнеше мемлекеттен 12 топ қатысып, бақ сынады.
Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық мәдениет үйінің «Саялы Сарыағаш» этно фольклорлық ансамблі де аталған «Ұлттық аспаптар әуені» фестиваліне қатысып, үш бағыт бойынша да үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, ұлт аспаптар номинациясы бойынша «Саялы Сарыағаш» жүлделі I орынды иемденді. Ал жеке аспапта орындау номинациясы бойынша ансамблдің домбырашысы Ернар Тұрлыбеков I орын, дуэт, трио номинациясы бойынша ансамбль жетекшісі Сәрсен Ахметов, домбырашылар Ернар Тұрлыбеков, Қанат Шекербеков I орынды иеленді. Осылайша үш дүркін жеңімпаз атанып, еліміздің мерейін асқақтатты.
Айта кетейік, Сарыағаш аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі 1996 жылы құрылған. Ансамбльдің репертуарында халық әндерінен бастап, дәулескер күйшілердің күйлері мен қазақ композиторларының әндері секілді тағы басқа 40-тан астам шығарма бар. 2008 жылы «Саялы Сарыағаш» ансамбліне «Халықтық» атақ берілді. Қазіргі таңда республикалық, облыстық іс шараларға қатысып өнер жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Өзбекстан Республикасында өткен «Ұлы Жібек жолы» фольклорлық ансамбльдер фестивалінде бас жүлде иемденген болатын. Сондай-ақ облыста өткізілетін мәдени көпшілік іс-шараларының, салтанатты мерекелік жиындардың, концерттік бағдарламалардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысады. Заман талабына сәйкес «Саялы Сарыағаш» ұлт-аспаптар ансамблі этно-фольклорлық ансамбль болып, халық арасында ұлттық өнердің нәрімен сусындатты, дәстүрлі өнерді насихаттауда өз үлестерін қосып келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -