ТАЛАС – ҰЛЫ ӨРКЕНИЕТТЕР ТОҒЫСЫНДА
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Келелі басқосуға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ шетелдік және елімізге танымал ғалымдар, профессорлар, тарихшылар және өңір жұртшылығы қатысты.
Алдымен Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа сөз берілді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізіп, жамбылдықтарды тарихи датамен құттықтады.
– Талайғы тарихтың куәсі болған Жамбыл облысы ұлттық діңгегіміздің алтын қазығы саналады. Мұнда елдігіміздің тірегі болған құндылықтарымыз бен төл тарихымыз, мәдениет пен өркениетіміз қалыптасты.
Жамбыл облысының жағдайы Президенттің жеке бақылауында. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында көш бастап тұрғанын жақсы білесіздер. Соңғы жылдары химия, тамақ өндірісі бойынша көрсеткіштер қуантарлық жағдайда. Құрылыс саласы қарқынды дамып, тұрғын үйлер бой көтеруде. Спорт саласындағы жетістіктер өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда көп. Білім мен ғылым саласындағы жетістіктер республикалық деңгеймен шектелмей, халықаралық және әлемдік деңгейге шығып отыр, – деп ел ағаларының қажырлы еңбегін атап өтті.
Ербол Қарашөкеев конференция жұмысына сәттілік тілеп, құрметті қонақтарға ризашылығын жеткізді.
– Жамбыл – тарихқа бай аймақ. Қасиетті өлкеде Түркі қағанаты мен ислам мәдениетінің негізі қаланып, Қазақ хандығының алтын қазығы қағылды.
Тарихымызды айшықтаған Мұхаммед Хайдар Дулати, Манас жырының кейіпкері Манас батыр өмірінің көп бөлігі осы өңірде өткені тарих парағынан белгілі.
Облыс орталығы Тараз қаласының да шежіресі тереңнен сыр шертеді. Тасын түртсең тарихы көрінетін шаһарға сонау заманнан бері құт-береке дарып, әлем елдері көз тігіп келеді.
Тараз – мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бір кездері Ұлы Жібек жолының торабындағы Тараз «саудагерлер қаласы» атанып, Батыс пен Шығыс мәдениетін байланыстырды.
Бүгінде Жамбыл облысы алыс-жақын мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, мәдени-гуманитарлық, сауда-саттық байланысын нығайту үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің кеңесінде «Достастық жәрмеңкесін» Таразда өткізуді ұсынуы бекер емес деп есептейміз.
Бұл қасиетті Жамбыл өңірінің халықаралық аренада одан әрі танылуына ықпал ететіні сөзсіз, – деген облыс әкімі конференция арқылы тарих жаңа деректермен толығатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов көне өркениеттің өзегі Әулиеата өңірінен бастау алғанын, оған елеулі оқиғалар мен археологиялық қазба байлықтар арқылы көз жеткізуге болатынын айтты.
Қырғыз Республикасының Жамбыл облысындағы құрметті консулына кандидат Жанұзақ Бейсеубаев пен Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жасұлан Ханалиев айыр қалпақты ағайынның ыстық сәлемін жолдады.
Мадияр Елеуов, Дария Қожамжарова, Берекет Кәрібаев, Досбол Байгунаков, Жәкен Таймағамбетов, Төрәлі Қыдыр сынды белді тарихшылар тереңде жатқан тың деректерді сөйлетті. Спикерлер бұл өлкеде сыры ашылмаған құнды тарихи орындардың өте көп екенін алға тартып, зерттеу жұмыстарын жүргізу, объектілерді музейлендіру бойынша ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Жапония мемлекеті «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының PhD докторы Садакатцу Кунитакен жапон-қазақ археологиялық экспедициясының қорытындыларын баяндаса, Түркия елінен келген профессор Абдуллах Гүндоғдуды орта ғасырлардағы Талас пен Анадолы арасындағы өркениет қатынастары туралы ойларын ортаға салды.
Конференция соңында ақын Маралтай Райымбекұлы көне Тараз туралы отты өлеңін оқып, көпшілікті маржан сөзбен сусындатты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -